Қытайлық ойыншық өндіруші Labubu-дың нарықтағы құны «Газпромнан» асып түсті
АСТАНА. KAZINFORM – Қытайлық танымал Labubu ойыншығын өндіретін Pop Mart компаниясының нарықтық құны ресейлік газ алыбы «Газпромның» капитализациясынан асып түсті, деп жазды Kazinform агенттігінің тілшісі «Бизнес Online» басылымына сілтеме жасап.
Басылым мәліметінше, 2025 жылдың 22 шілдесіндегі жағдай бойынша, коллекциялық ойыншықтар сатумен айналысатын қытайлық ритейлердің акцияларының жалпы құны 42 миллиард долларды құрады. Ал ресейлік энергетикалық компанияның нарықтық бағасы 38,77 миллиард доллар деп бағаланып отыр. Осылайша, Pop Mart әлемдік рейтингте «Газпромды» 49 орынға артта қалдырды.
Labubu — 2015 жылы Гонконг суретшісі Лун Касин жасаған эльфке ұқсайтын жаратылыс. Бұл кішкентай, үлпілдек монстрлар ерекше белгілерімен танымал: көздері үлкен, құлақтары үшкір және тоғыз тісі бар. Ойыншықтың танымалдығы өткен жылдың соңында күрт өсті — әйелдер ойыншықты сөмкесіне аксессуар ретінде тағып шығуы әлеуметтік желілерде қызу талқыланған болатын.
Бұған дейін Ұлыбританияда Labubu қуыршақтарының сатылымы уақытша тоқтатылғаны хабарланған еді. Бұл рекордтық сұраныс аясында қызметкерлер мен сатып алушылардың қауіпсіздігіне байланысты жасалды.
Еске сала кетейік, маусым айында керісінше қоғамда үлкен қызығушылық тудырған бұл брендтің айналасындағы жағдай күрт өзгеріп, оған қатысты акциялар бағасы күрт құлдырағанын жазған едік.