Станбұлға өте көп турист келді – TRT
Түркия экономикасы өсті. Түркия Статистика мекемесі биылғы жылдың бірінші тоқсанындағы (қаңтар-наурыз кезеңі) ел ішіндегі таза ұлттық кірісі нәтижелерін жариялады. Сәйкесінше, таза ұлттық кіріс 2024 жылдың бірінші тоқсанында өткен жылдың сәйкес тоқсанымен салыстырғанда 5,7 пайызға өсті, деп хабарлайды Түркия Радио Телевизия порталы.
Аталған басылымның келтірген мәліметіне сүйенсек, 2024 жылдың бірінші тоқсанында өткен жылмен салыстырғанда құрылыс 11,1 пайызға, ақпарат және байланыс қызметі 5,5 пайызға, өнеркәсіп 4,9 пайызға, ауыл шаруашылығы 4,6 пайызға, жылжымайтын мүлікпен айналысу 2,5 пайызға, қаржы сақтандыру қызметі 2 пайызға өсті.
Сондай-ақ осы аптада «TRT» басылымында «Станбұлға өте көп турист келді» деген тақырыптағы ақпарат жарық көрді.
Түркиялық БАҚ-тың дерегінше, әлемдегі ең көп турист келетін қалалардың бірі Станбұл 2024 жылдың алғашқы 4 айында келушілер рекордын жаңартты.
Мәдениет және туризм министрлігінен жасалған мәлімдемеге қарағанда Станбұл қаңтар, ақпан, наурыз және сәуір айларында 5 миллион 244 мың 936 шетелдік қонақты қабылдаған.
Станбұлға келген шетелдіктердің саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9,94 пайыз артты.
Сәуір айында өткен жылдың сәйкес айымен салыстырғанда 14,60 пайыз артып 1 миллион 478 мың 218 шетелдік қонақты қабылдаған Стагбұл Түркия туризмінің локомотиві болды.
Атап айтқанда, сәуір айында Станбұлға ең көп турист Ресей, Германия, Иран, АҚШ қатарлы елдерден келген.
Қытайлық роботтар бір көлікті шамамен бір минутта құрастырады – «Халық газеті»
Chongqing Changan Automobile компаниясы Лянцзян зауытының икемді өндірістік желісінде роботтар өз міндеттерін ыждағатпен орындап жатыр. Дәнекерлеу өндірісінің желісі бір уақытта төрт түрлі үлгідегі көлікті шығара алады, деп хабарлайды Қытайдың «Халық газеті».
Қытайлық басылымның келтірген деректеріне сүйенсек, бұл «цифрлық интеллект» зауыты автоматтандырудың, цифрландырудың және интеллектуалды жұмыстың жоғары деңгейін жүзеге асырады. Олар бір автомобильді шамамен бір минут ішінде құрастырады екен.
Сонымен қатар осы аптада «Халық газеті» басылымында «1 адам бір уақытта 12 көлікті жүргізе алады деген рас па?»деген тақырыптағы ақпарат жарық көрген болатын.
Аталған басылымның дерегінше, порт аймағында орналасқан смарт-коллекциялық жүк көліктері кабинада ешкім жоқ болсада олар емін-еркін, ретпен қатынап жүр.
«Тура жүріңіз, бұрылыңыз, тоқтаңыз, жол беріңіз... Нинбоның Чжоушань портының Мэйшань порт аумағында 62 смарт-коллекциялық жүк көліктері порт аймағында орналасқан, олар емін-еркін, ретпен қатынап жүр, ал кабинада ешкім жоқ. Бұлардың «жүргізушілері» қайда кетті? «Халық газетінің» тілшілерімен бірге «Дамып жатқан Қытай» Чжэцзянға сұқбат тобына ілесіп, смарт-коллекциялық жүк көліктері қалай жүргізушісіз жүріп жатқанын көріңіздер!», - деп жазады қытайлық басылым.
Иран президенттік сайлауына үміткерлерді тіркеу жалғасып жатыр – Parstoday
Ирандағы президенттік сайлаудың 14-ші мерзіміне үміткерлерді тіркеу өткен бейсенбі таңертең елдің сайлау штабында басталды.
14-ші президенттік мерзімінен бұрын сайлауы Иран президенті Сейед Ибрахим Раиси тікұшақ апаты салдарынан шәһид болғаннан кейін маусымның 28-і жұма күні өтеді. Үміткерлердің 30 мамырдан бастап 5 күн бойы тіркелу мүмкіндігі бар.
Бұл туралы Иранның «Parstoday» ақпарат агенттігі де хабарлады.
Аталған басылымның келтірген мәліметіне сүйенсек, Иранның Ішкі істер министрі Ахмад Вахидидің бұйрығымен президенттік он төртінші мерзімге сайлау науқаны басталған.
«14-ші президенттік сайлауға тіркелудің бірінші күні 5 адам және екінші күні 4 адам тіркелді. Екі күнде сайлауалды штабында 9 адам ресми тіркелсе, бүгін 3 адамды қосқанда 12 адам сайлауалды штабында тіркелгені расталды», - деп жазады ирандық БАҚ.
Осы аптада «Parstoday»-де «Кипарис көлеңкесінде» ирандық анимация испандық марапаттарды жеңіп алғаннан кейін енді Оскарға үміткерлер тізімінде» деген ақпарат жарияланды.
Айта кетейік, ішкі және халықаралық фестивальдерден ондаған халықаралық марапаттарға ие болған бұл ирандық анимация жарақаттан кейінгі күйзелістен зардап шегетін капитан туралы.
«Parstoday»-дің мәліметінше, «Кипарис көлеңкесінде» ирандық анимация 19-шы испандық «Анимайо» анимациялық фестивалінің бас жүлдесі мен үздік 2D анимация жүлдесін алып, 2025 жылғы Оскар байқауына үміткерлер тізіміне тікелей енген.
Ирандық балалардың зияткерлік дамуы орталығының қоғаммен байланыс және халықаралық істер жөніндегі бас бөлімінің мәліметінше, бұл үлкен жетістік туралы хабарды әлем киносының ең сенімді жаңалықтарын тарататын Variety Cinema Jahan журналы берген.
Өзбекстаннан 2 мың жылдық тарихы бар қала қалдықтары табылды - «ӨзА»
Өзбекстан-Қытай бірлескен археологиялық экспедициясы жүргізген зерттеу барысында Сұрхандария облысының «Узун» ауданында 4 мың жылдық тарихы бар бейіттер мен 2 мың жылдық қала қалдықтары табылды, деп хабарлайды өзбекстандық «ӨзА» ақпараттық агенттігі.
Өзбекстандық БАҚ-тың хабарлауынша, зерттеу барысында әртүрлі қыш ыдыстар, қару-жарақ, зергерлік бұйымдар, мүсін, қала мұнараларының қалдықтары және әртүрлі көне бейіттер табылған.
Сонымен қатар ғалымдардың алдын ала тұжырымдары бойынша бұл археологиялық олжалар біздің дәуірімізге дейінгі II-III ғасырлардағы қаңлы, кушан және массагет дәуірлеріне жатады.
Қазіргі таңда ауданда Өзбекстан мен Қытайдың бірлескен археологиялық экспедициясының зерттеу жұмыстары жалғасуда.
Сондай-ақ осы аптада «ӨзА»-да «Өзбекстандағы алғашқы бес жұлдызды қонақ үй сатылымға шығарылды» деген тақырыптағы ақпарат жарық көрген болатын.
Аталған басылымның мәліметінше, Мемлекеттік активтерді басқару агенттігі «International Hotel Tashkent» қонақ үйінің мемлекетке тиесілі 100 пайыздық үлесін сату процесі басталғанын хабарлаған.
Жекешелендіру бойынша кеңесші ретінде Deloitte компаниясы айналысады екен.
Айта кетейік, сатылатын қонақүйде 232 бөлме, 7 конференция залы, 2 мейрамхана, барлар, жазғы террасса, фитнес клуб және бассейн бар. Жалпы жер көлемі 3 гектарды құрайтын 44 903 шаршы метр аумақта ғимарат және нысан бар.
Сонымен қатар «ӨзА» ақпараттық агенттігіне «Өзбекстанда бір жылда мұражайларға 5,7 миллион адам келген» деген ақпарат жарияланды.
Басылымның хабарлауынша 2023 жылы Өзбекстан аумағындағы мұражайларға 5,7 миллион адам келген.
Статистика агенттігінің мәліметінше, бұл көрсеткіш өткен 2022 жылмен салыстырғанда 800 мыңға аз.
Республикадағы адамдар көп баратын 5 мұражайлар – Регистан ансамблі, Самарқанд мемлекеттік мұражай қорығы, «Жеңіс саябағы» мемориалдық кешені құрамындағы Мемлекеттік Даңқ мұражайы қатарлылар екен.
Агенттік мәліметінше, 2024 жыл 1 қаңтарындағы мәлімет бойынша Өзбекстандағы мұражайлар саны 140-ты құраған. Мұражайларға 2020 жылы 1,5 миллион адам, 2021 жылы 5,1 миллион адам, 2022 жылы 6,5 миллион адам келген.