Қытайлықтар қанша зейнетақы алады
АСТАНА. KAZINFORM — Қытайда базалық зейнетақы төлемдері 2025 жылы 2%-ға артады, бұл ең баяу өсу қарқыны немесе тарихтағы ең нашар көрсеткіш. Бұл туралы Бейжіңдегі Caixin Global басылымы хабарлайды.
Зейнетақыны тұрақты арттыру саясаты 2011 жылғы «Әлеуметтік қамсыздандыру туралы» заңда бекітілген. Оған сәйкес, жалақы мен инфляцияның өсуі сияқты факторлар ескеріліп, зейнетақы төлемдері редакцияланады.
2005-2015 жылдар аралығында зейнетақы төлемдері жылына орта есеппен 10 пайыз өсті. Нәтижесінде жеке компаниялар қызметкерлерінің орташа зейнетақысы 700 юаньнан (100 доллар) 2000 юаньға дейін көбейді. Алайда содан бері зейнетақы өсімі бәсеңдеп қалды. Өсім 2016 жылы 6,5%, 2020 жылы 5%, 2023 және 2024 жылдары тиісінше 3,8 және 3% болды.
Халықтың тез қартаюы зейнетақы жүйесінің ұзақмерзімді өміршеңдігіне күмән келтіріп отыр, деп түсіндіреді Ekd.me интернет-басылымы. Зерттеулерге сәйкес, Қытайдың зейнетақы қоры 10 жылдан кейін тапшылыққа ұшырауы мүмкін. Сонымен қатар елдегі қала мен ауылдың зейнетақысы айтарлықтай ерекшеленеді.
Үкіметтің 2024 жылғы деректеріне сәйкес, Қытайда қалалық жұмысшының орташа зейнетақысы — 3825 юань (530 доллар), ал ауылдық жерде 246 юань (34 доллар).
Еске сала кетейік, Қытайда ең ірі айналмалы электр жеткізу желісі салынды.