Қиял болашаққа жетелейді

None
 АСТАНА. 5 сәуір. ҚазАқпарат - Республикада «Болашақ бүгіннен басталады!» акциясы өтуде, оның негізгі мақсаты Мемлекет басшысының 2012 жылғы Жолдауын қолдау болып табылады.

Бұл шараға қоғамдық бірлестіктер қосылып, ел дамуына тікелей атсалысу үшін жаңа бастамалар көтеруде.

Теміртау қаласында акцияны қалалық Жастар клубы ұйымдастырды. Шара аясында ұйымдастырушылар 12-15 жас аралығындағы жасөспірімдерді түрлі жұмыс орындарына шақырып, олардың осы бастан болашақта қандай мамандық таңдайтындықтарына ықпал жасайды.

Сондай-ақ, ұйымдастырушылар шараға жүзге жуық жастарды тартып, олармен бірге Теміртау қаласындағы өрт сөндіру бөлімін, балалар үйлерін, балабақшаларды және спорт залдарын араламақ. Сонымен қатар, әскери бөлімге де ат басын тірейді. әрбір мекемеде балаларға өрт сөндірушінің, тәрбиешінің, балабақша педагогының, әскери қызметкердің, жаттықтырушының және сол сияқты басқа да мамандықтардың артықшылықтары туралы сөз қозғалады.

Ертең Павлодарда «Болашақ бүгіннен басталады!» акциясының шеңберінде «Әлеуметтік еріктілер орталығы» жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Ертегі есік ашады!» акциясы өтеді. Бұл шара Павлодар қалалық тұрақты мекені жоқ әйелдердің бейімделуі мен реабилитациясы әлеуметтік-психологиялық орталығының базасында болады.

Педагогикалық факультеттердің ерікті студенттері кездесулер барысында бүлдіршіндерге қызықты ертегілер мен оқиғалар оқып береді. «Кітап оқуға құмарлық - адам баласының қалыптасу жолында маңызды рөл атқарады. Біз бұл бүлдіршіндердің ертегі арқылы қиялға беріліп, қанаттанғанын қалаймыз. Сол қиялдар біздің болашағымызды жасайтынын барлығымыз жақсы білеміз. Біздің оқып берген ертегілеріміз бұл балалардың болашаққа деген сенімін күшейтіп, олардың бүгіннен бастап өз ертеңін ойлауына ықпал етеді деп сенеміз», - дейді болашақ педагогтар.