Қияр арзандай бастады, ең төменгі баға қай өңірде
АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде қыстыгүні көкөністің қымбаттайтыны түсінікті жайт, оның ішінде қияр да бар. Ал қазір баға айтарлықтай түскен. Осы орайда Kazinform агенттігі өңірлердегі қияр бағасына шолу жасады.
Ұлттық статистика бюросының сәуірдегі мәліметі бойынша, елімізде қиярдың келісі орташа алғанда 925 теңге болған. Өңірлер бойынша баға 774 теңгеден 1 385 теңгеге дейін барады. Ең қымбаты Жезқазғанда тіркелсе, ал арзаны Тараз бен Алматыда байқалған.
21 мамырда қиярдың бағасы айтарлықтай өзгерді. Ең арзан қияр 200-250 теңгеден Түркістан мен Шымкентте сатылып жатыр. Әдетте, мұндай бағамен ауыл шаруашылығы өнімдері жәрмеңкесінде сатылады. Супермаркеттерде қиярдың келісі 300-350 теңге аралығында.
Бағаның жоғарылығы жағынан екінші орында Қызылорда, Алматы, Талдықорған, Жезқазған, Қонаев, Тараз, Көкшетау, Петропавл және Астана қаласы. Бұл өңірлерде ең арзан қиярды 300-360 теңгеге ала аласыз. Мысалы, Таразда импорттық қиярдың бағасы жергілікті қиярдың құнынан арзан. Өзбекстаннан әкелінген қиярдың келісі - 350-400 теңге, жергілікті жылыжайларда өсірілген қияр келісі - 550-600 теңге. Петропавл қаласында да дәл осындай жағдай, яғни сырттан әкелінген қияр арзан. Бірақ өңірде өсірілген қиярдың импорттық қиярдан дәмдірек екенін атап өткен жөн.
Одан әрі Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды және Атырауда қиярдың ең төмен бағасы 400-ден 450 теңгеге дейін барады. Әдеттегідей, жаз келгенде баға айтарлықтай төмендейді. Бірақ бірқатар факторды, соның ішінде сауда нүктелерінің ерекшеліктерін ескеру қажет. Мәселен, Қостанайда үй маңындағы дүкендерде қиярдың бір келісі 700 теңгеге дейін баруы мүмкін.
Павлодар, Орал, Ақтау және Өскеменде қиярдың бағасы 550-650 теңге аралығында, ал Семейде 500-600 теңгеден сатылып жатыр.
Бәрінен де қымбат қияр Алматының онлайн супермаркеттерінің бірінен табылды, оның келісі - 2 100 теңге. Сипаттамада қазақстандық «Рава» қияр сұрпы екендігі көрсетілген.
Айта кетейік, қияр әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің тізіміне кірмейді. Оның құнын нарық реттейді, ал бағаның өзгеруіне көптеген фактор әсер етеді.