Палестиндік тұрғын Умм Мұхаммед ауызашарға жейтін тағамы да кейде болмай қалады. Ол жеке қайырымдылық көмектердің арқасында ғана өмір сүріп отыр. Тіске басар азық таппай, қиыншылықта өмір сүріп жатқан Хеврон қаласының тұрғыны Умм Мұхаммед есімді палестиндік зейнеткер әйел елдегі қиын жағдайды Reuters агенттігіне берген сұхбатында былайша баяндайды: «Бүгінде біздің жағдайымыз өте мүшкіл. Жейтін тамаққа мұқтаж болып отырмыз. Тұрғын үйіміздің де жағдайы мәз емес».
Ауызашар уақыты келгенде хеврондық зейнеткер әйел де Такият Ибрахим мекемесіне барып сол жерден аузын ашады екен. Азық-түлікпен қамтамасыз ететін мекеме жеке көмек көрсетілудің арқасында ғана жұмыс істеп, халықты тамақтандырады. Мыңдаған палестиндіктер осындай көмектің арқасында ғана өмір сүруде. Мекемеде азық-түлікті бәріне жеткізу үшін тағамдар күнде үлкен мөлшерде дайындалады. Бұл жерде тауық пен бұршақтан дайындалған тағамдар арнайы ыдыстарға салынып беріледі.
«Тамақтануға үнемі 2500-3000-ға жуық отбасылар келіп отырады», - деп хабарлады баспананың басшысы Аммар әл-Хатыб. Иерусалимдік уақф бөлімінің меңгерушісі шейх Аззам әл-Хатыбтың айтуынша, азық-түлікпен қамтамасыз ететін мекемелер көп жылдар бойы жағдайы мүшкіл адамдарды тамақтармен қамтамасыз етіп жүр.