«Үкіметтің кеңейтілген отырысының қорытындысы және дағдарысқа қарсы іс-шаралар барысы кеше Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте кеңінен сөз болды. Бұл жолы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің алдында Мәжіліс депутаттары, «Халықтық коммунистер» фракциясының жетекшісі Владислав Косарев пен осы фракцияның мүшесі Тұрсынбек Өмірзақов өз ойларымен бөлісті», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі санындағы «Қиындықтардың барлығы да өткінші» деген тақырыптағы мақаласында.
Басылымның жазуынша, алдымен сөз алған фракция жетекшісі В.Косарев Мәжілісте қаралған 2015-2017 жылдарға арналған бюджет жобасын оңтайландыру азаматтардың әлеуметтік жағдайына еш теріс әсер етпейтінін баса айтты. Депутаттың сөзіне қарағанда, барлық әлеуметтік бағдарламалар бұған дейін қаралған деңгейінде көрініс тауып отыр. Ал Т.Өмірзақов бюджет жобасы шығыс бөлігінің 10 пайызы (700 миллиард теңгедей) оңтайландырылғанын, бұл анау айтқандай онша көп қаржы еместігін жеткізді. Осы ретте, Есеп комитетінің мәліметіне сүйенген депутат 2014 жылы бюджет бұзушылықтары 760 миллиард теңгені құрағандығын алға тартып, бұл соманың оңтайландыруға түскен қаржымен бара-бар екендігіне назар аудартты.
Елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске қашанда баса маңыз беріліп келеді. Бұл тұрғыда, әсіресе, мемлекеттік қызмет сапасына айрықша назар аударылуда. Себебі, елге қызмет ететін мемлекеттік қызметшілердің қызмет көрсету сапасы мен жұмысында мін бол¬мауы қажет. Осы орайда олардың жұмысын оңтайландыру мақсатымен Президент Жарлығымен Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі құрылды. Осы орайда «Егемен Қазақстан» газеті мемлекеттік басқару жүйесіндегі реформаларға сәйкес құрылған жаңа Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәні мен бағытына және бастап жатқан жаңа жұмыстары туралы кеңірек білу үшін агенттік төрағасының орынбасары Саян Ахметжановты сұхбатқа тартқан. Басылым тілшісінің барлық сауалына тұщымды жауап берген ол: «Келешекте мемлекеттік қызметті жаңғыртудың ұзақ мерзімді шараларының бір бөлігі ретінде айрықша талантты басқару жүйесін құру, корпоративтік сектордың және халықаралық консалтингтік агенттіктердің тәжірибесі бойынша басқарушылық буынның құзыреттерін бағалау, қоғам қажеттілігін анықтау үшін тұрақты кері байланыс орнатуды айтуға болады. Бұл бағыттағы жұмыстарды біз жоғары жоспарлау, таланттарды басқару, персоналды басқаруды автоматтандыру жүйесін енгізуге бағыттадық. Осы орайда, іріктеу әдістері мен кәсіби даярлауды жетілдіруді енгізу арқылы мемлекеттік қызметтің кадрлық құрамын күшейтуге ерекше көңіл бөлінеді», - дейді. Сұхбат «Жаңа құрылым жаңаша жұмыс істейді» деген тақырыппен берілген.
***
Мемлекет басшысы атына кәсіпорындар мен ұйымдардың жұмысшыларынан, көрнекті спортшылардан сайлау өткізу туралы шешімді қолдаған және Нұрсұлтан Назарбаевқа өз кандидатурасын Қазақстан Республикасы Президенті лауазымына ұсынуды өтінген хаттар легі жалғасуда. Солардың бірпарасы «Казахстанская правда» газетінің бүгінгі санында жарияланды. Атап айтқанда, Тараз қаласындағы «Қазфосфат» ЖШС өкілдері әлемдік құрылымдағы жаһандық өзгерістер аясында Қазақстан халқы біртұтас болуы және ел Президентімен бірге жүруі тиіс екеніне тоқталған. «Қазфосфаттың» алты мың адамдық еңбек ұжымының тілегі - Сізге жаңа сенім мандатын беру. Біз өз болашағымызды нақ Сізбен байланыстырамыз, бізге Қазақстанның бұрынғыша бейбітшілік пен келісімнің ортасы, тұрақты әрі қарқынды дамушы мемлекет болып қала беруі үшін бәрін де жасай алатын дәл Сіздей дана Көшбасшы керек», - делінген ұжым жеделхатында. Ал Павлодар қаласындағы «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ басшысы А.Ибрагимов кәсіпорын ұжымы барлық жетістіктері мен табыстарын Мемлекет басшысының есімімен байланыстыратынын атап өткен. «Сайлауға кандидатураңызды ұсынуды екі жарым мыңнан астам металлургтердің атынан өтінемін. Қазақстан Сіздің басшылығыңызбен көп нәрсеге қол жеткізе алды. Бізді болашақта да жаңа биіктер, өркендеу және экономикалық даму күтіп тұрғанына сенімдімін. Бұл жолда бізге Сіз сияқты қуатты Көшбасшы керек», - делінген хатта.
***
Павлодарда қаскүнемдер су перісі мүсінін кезекте мәрте талқанын шығарды. Мүсін қаскүнемдердің қолынан бірінші мәрте зардап шегіп отырған жоқ. Алайда, полиция қызметкерлерінің қолынан түк келер емес. Өйткені, мүсінге күндіз-түні бақылау қоюға еш мүмкіндік жоқ», - деп жазады «Экспресс-К» газеті бүгінгі нөміріндегі «Вандал и русалка» деген тақырыптағы ақпаратында. Ертістің жағалауына орнатылған су перісінің мүсінін қаскүнемдер жерге құлатып, бет-ауысын бояп тастаған. Бұған дейін мүсіннің саусақтарын, құйрығын сындырып кеткен болатын. Ол кезде жеке тұлғалар мүсінді қайта қалпына келтіру шығындарын өз мойындарына алған еді. Қазіргі уақытта мүсін қалалық коммуналдық шаруашылық мекемесінің қоймасында жатыр.