Қыз алып қашуды насихаттауға болмайды: әншілерге талап қойылуы мүмкін

Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Сенаттың жалпы отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында қазір шырқалып жүрген әндердің мағынасына қатысты сұрақ қойылды. 

- Заңнама аясында некеге мәжбүрлеп көндіру қылмыс деп танылды. Осы орайда қазір құқық қорғау органдары бұл бағыттағы жұмысты күшейтті. Қазір әншілердің орындауындағы әндердің мағынасында «қыз алып қашуды» насихаттайтын сөздер кездесіп жатады. Сондықтан Мәдениет министрлігі осындай әндерді анықтап, тиісті нұсқау бере ме?, — деп сұрады тілшілер.

Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов министрлік бұл мәселеге назар аударатынын айтты.

— Қазақстандық әртістер ел аумағында ғана емес, әлем елдерінде де танымал. Сондықтан осы тақырыпқа міндетті түрде мән береміз. Атап айтқанда, кейінгі кезде кейбір өңірлерде қыз алып қашудың салдары қандай резонансқа алып келгенін білеміз. Бұл тұрғыда қоғамның өзі әртістерге дұрыс бағыт-бағдар береді деп ойлаймыз, — деді вице-министр.

Айта кетейік, 2025 жылғы қыркүйектен бастап Қазақстанда некеге мәжбүрлеу қылмыстық құқық бұзу ретінде заңмен бекітілді. Қылмыстық кодекске енгізілген 125-1-бап қоғамда көптен бері талқыланып келе жатқан қыз алып қашу мәселесіне құқықтық нүкте қойды