Қыз Жібек бейнесін сомдаған Меруерт Өтекешова БҚО-ның құрметті азаматы атанды
ОРАЛ. KAZINFORM — Белгілі театр және кино актрисасы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері Меруерт Өтекешоваға Батыс Қазақстан облысының құрметті азаматы атағы берілді.
Осыған орай туған жеріне келген өнер қайраткеріне марапат табыс етілді.
Меруерт Қаратайқызы өзін сыйлап, құрметтегені үшін Батыс Қазақстан облысы жұртшылығына шынайы ризашылығын білдірді.
Меруерт Өтекешова 1951 жылдың 25 ақпанында Орал қаласында дүниеге келген.
1969-1973 жылдары Қазақ мемлекеттік Құрманғазы атындағы өнер институтының театр факультетінде оқыды.
1973 жылы М. Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актерлік құрамына қабылданды.
Меруерт Өтекешова театр мен кинода көптеген рөлдерді сомдады. Соның ішінде «Қыз Жібек» кинофильміндегі Қыз Жібек бейнесімен кеңінен танылды.
БҚО мәслихатының шешімімен сондай-ақ мемлекеттік қызмет саласында ұзақ жыл қызмет атқарған Мирболат Жақыпов пен Табылғали Сапаровқа да «Батыс Қазақстан облысының құрметті азаматы» атағы берілді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қарағандыда Меруерт Өтекешованың мерейтойына арналған көрме ашылғанын жазған болатынбыз.