Қызғалдақ пен бәйшешек Тәжікстанның ұлттық гүлдері болып жарияланды

АСТАНА. KAZINFORM — Тәжікстанда қызғалдақ пен бәйшешек тәжік халқының рухани символы ретінде ұлттық гүлдер болып жарияланды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Душанбедегі меншікті тілшісі.

Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform

Тәжікстан президентінің баспасөз қызметінің мәліметінше, тиісті жарлыққа Эмомали Рахмон бүгін қол қойған. Аталған шешім елдің тарихи-мәдени мұрасын халықаралық деңгейде танытып, қызғалдақ пен бәйшешекті ұлттық символ ретінде дәріптеу мақсатында қабылданған. 

— Бұл гүлдер тәжік халқының мәдени мұрасымен біте қайнасып, Наурыз мейрамы мен табиғаттың көктемде қайта түлейтін шағымен сабақтасқан. Бәйшешек көктемнің келгенін білдіріп, халықтың тарихи-мифологиялық жадын, тазалық пен әділдіктің салтанатын бейнелейді. Ал қызғалдақ халқымыздың ар-намысы мен қадір-қасиетін, ел табиғатының сұлулығы мен гүлденуін айшықтайды, — делінген Тәжікстан президентінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Халық нанымында бәйшешекті алғаш тапқан адам жолы болады деп есептелген. Өмірдің жаңаруын, жастық пен сұлулықты бейнелейтін бұл гүлді балалар таудан теріп, аналары мен әпке-қарындастарына сыйлайды.

«Қызғалдақ теру» («Сайри гули лола») мерекесі исламға дейінгі дәуірден бері қызғалдақтар жаппай гүлдейтін кезеңде бірнеше күн бойы тойланған. Алғашқы күні жастар ән айтып, би билеп, қызғалдақтарды ағаш бұтақтарына байлап, тілек тілеген. Екінші күні зираттар мен қасиетті орындарға барған.

2019 жылы Тәжікстан президентінің бастамасымен фестиваль қайта жанданып, жыл сайын өткізіледі. Бүгінде фестиваль аясында гүл композицияларының үздіктері анықталып, жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар табысталады. Ал фестивальдің қорытындысы дәстүрлі түрде сәуірдің төртінші сенбісінде өтеді.

Бұған дейін Тәжікстанда ежелгі Мехргон егін мерекесі тойланып жатқанын хабарлаған едік.