Қызыл кітап ағаштары жоқ: Көкжайлауда Almaty SuperSki курортының құрылысы басталды

АСТАНА. KAZINFORM – Көкжайлауда Almaty SuperSki жобасы аясында құрылыс-монтаж жұмыстары басталды. Болашақ тау-шаңғы курорты аумағында Қазақстанның Қызыл кітабына енген ағаштар жоқ. Ал қалған жасыл желектерді барынша сақтап қалу немесе басқа жерге көшіру жоспарланып отыр.

Фото: Хасенова Б

Қазір аталған аумақ дайындық кезеңінде: оған техникалық және кіреберіс жол салынып жатыр. Бұл жол құрылыс техникасының аумаққа кіруіне және жобаның келесі кезеңдерін бастауға мүмкіндік береді. Жұмыстар жобалық құжаттамаға және табиғатты қорғау талаптарына сәйкес жүргізіліп жатыр. Авторлық қадағалауды Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу институты жүргізбек.

Фото: Хасенова Б

Сонымен бірге, Көкжайлауда археологиялық зерттеулер басталды. Аумақта археологиялық мұра нысандары болғандықтан, бұл жұмысқа Археология институтының мамандары тартылды. Алдағы күндері олар қазба жұмыстарын жүргізіп, тарихи ескерткіштерді зерттеуге кіріседі.

Фото: Хасенова Б

Әрбір археологиялық нысанның алдағы тағдыры жеке қаралады: қажет болған жағдайда құтқару қазба жұмыстары жүргізіледі, кейбірі өз орнында сақталады, музей қорына өткізіледі немесе Көкжайлау аумағында музей экспозициясын ұйымдастыру мүмкіндігі қарастырылады.

Фото: Хасенова Б

Сондай-ақ мамандар кеңейтілген инженерлік-геологиялық зерттеулер жүргізіп жатыр.

Фото: Хасенова Б

Құрылыс аймағына түсетін ағаштарды барынша сақтап қалу және қолданыстағы талаптарға сай басқа жерге көшіру көзделген. Сонымен бірге, болашақ курорт аумағында Қазақстанның Қызыл кітабына енген ағаш түрлері анықталмағаны аталып өтті.

Фото: Хасенова Б

11 заманауи аспалы жолдың құрылысын осы айда бастау жоспарланып отыр. Бұл жұмыстарға Францияның POMA компаниясы тартылған. Қазір компания құрылыс алаңын дайындау және техниканы жұмылдыру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Фото: Хасенова Б

Бұдан бөлек, Алматы қаласының әкімдігі Көкжайлаудағы қосалқы электр станциясын қалпына келтіру, Казачка өзені бойымен курорт шекарасына дейін кіреберіс жол салу және жасыл желектерді көшіру жұмыстарын бастады. Мұның барлығы жобаға қажетті инженерлік және көлік инфрақұрылымын қалыптастыру үшін жүргізіліп жатыр.

Фото: Хасенова Б

Айта кетейік, Алматы маңында салынатын Almaty Superski тау курорты жылына мыңдаған туристі қабылдайтын ірі туристік орталыққа айналмақ. Жоба аясында 60 шақырым шаңғы трассасы мен 11 заманауи аспалы жол салынады.

Фото: Хасенова Б
Фото: Хасенова Б
Фото: Хасенова Б
Фото: Хасенова Б
Фото: Хасенова Б