Қызылорда-Ақтау бағытындағы әуе рейсі қайтадан жанданады

Фото: Ақорда

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда облысында Астана, Алматы, Шымкент, Жезқазған, Түркістан, Сарыағаш, Ақтөбе сияқты қалаларға облысаралық 18 автобус бағыты ұйымдастырылған.

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, одан бөлек Өзбекстан астанасы Ташкент қаласына да көлік қатынап тұр. Ал жуырда Қызылорда мен Қорғас халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығының арасын жалғайтын тұрақты бағыт ашылды.

— Қорқыт ата әуежайы арқылы аптасына 29 рейс орындалып тұр. Оның ішінде Астана қаласына – 17, Алматы қаласына 12 рейс ашылған. Бұл рейстерді «AirAstana», «Fly Arystan» және «Qazaq Air» әуе компаниялары атқарып келеді. «Fly Arystan» әуе компаниясы биыл жазда Түркияның Анталья қаласына чартерлік рейс орындады, — делінген хабарламада.

Өткен жылы Қызылорда-Ақтау бағытына әуе рейсі ашылып, жолаушылардың аздығына байланысты тоқтатылған еді. Облыстық басқарма келер жылдан бастап әлеуметтік маңызы бар рейстердің тізбесіне аталған бағыт қайтадан енгізілетінін мәлімдеді. Келісімге сәйкес, келесі жылдың сәуір айынан бастап қызылордалықтар «SCAT» әуе компаниясының ұшақтарымен Ақтау қаласына жол жүре алады.

Бұған дейін біз бас шаһары мен барлық аудан орталықтары бір теміржолдың бойында орналасқан Қызылорда облысында теміржол өткеліндегі кептеліс мәселесі қалай шешіліп жатқанын жаздық.