Қызылорда-Арал жолында жылдамдықты бақылайтын бейнекамералар іске қосылды

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қарабұтақ–Шымкент–Қызылорда республикалық маңызы бар автомобиль жолының Қызылорда қаласы мен Арал ауданы аралығында «Zerek-2» аппараттық-бағдарламалық кешендері орнатылып, ресми түрде іске қосылды.

Фото: Арал ауданының әкімдігі

Облыстық полиция департаментінің мәліметіне сүйенсек, кешен көлік құралдарының орташа қозғалыс жылдамдығын бақылауға арналған. 

– Белгіленген жылдамдық режимін бұзған көлік құралдары автоматты түрде тіркеледі. Бақылау жүйелері Баймұрат батыр (Сырдария ауданы), 1800 400 шақырым, Ақжарма, 1738 850 шақырым, Ақжар, 1690 600 шақырым, 103-разъезд, 1568 171 шақырым, Әйтеке би, 1472 300 шақырым және Арал, 1351 150 шақырым учаскелерінде орналасқан. Осыған байланысты жол қозғалысына қатысушыларды жол жүрісі қағидаларын қатаң сақтауға, белгіленген жылдамдық режимінен асырмауға және қозғалыс барысында барынша мұқият болуға шақырамыз, – делінген хабарламада.

Еске сала кетсек, бұған дейін біз Қызылордада бейнебақылау камераларының көмегімен 1686 құқықбұзушылық анықталғанын жаздық.