Қызылорда астана болған кездегі ғимараттардың қазіргі жағдайы қалай

Фото: Фото: Қызылорда облыстық «Тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі» КММ

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM - Биыл Қызылорда қаласының Қазақ АКСР-інің астанасы атанғанына тұп-тура 100 жыл толады. Осыған орай Kazinform тілшісі «сол кезеңнен жеткен тарихи ғимараттардың сақталу жағдайы қалай?» деген сауал төңірегінде жауап іздеген еді.

Қамысқала, Ақмешіт, Перовск

Тарих деректеріне сүйенсек, Қызылорда қаласының іргетасы 1818 жылы қаланған. Алғашқыда Қамысқала атанған шаһар одан кейінгі жылдарда Ақмешіт, Перовск деген атауға ие болды. 1922 жылы Ақмешіт атауы қайтарылды. 1925 жылы сәуір айында қазақ елінің астанасы атанды. Сол кезеңде ұлт қайраткерлері қалаға Қызылорда деген жаңа атау берді. Жүз жылға жуық уақыттан бері тарихи шаһар сол атауымен көпшілікке танылды.

— Айта кетсек, қалада күні бүгінге дейін сақталған ғимараттардың ішінде ең көнесі — 1878 жылы салынған «Айтбай» мешітінің ғимараты. Мешітті Айтбай қажының қаржысына Ысқақ және Қамал есімді ұсталар салған. Бұл кезінде қаланың Ақмешіт аталуына себепші болған деректер бар. Ал кезінде қыздар приход училищесі ғимараты да дәл сол жылы инженер, генерал Брюноның жобасы бойынша неізі қаланған. Алғашқыда қыздар приход училищесі, одан кейін Перовск қазақ-орыс училищесіне айналған ғимаратта 1925-1929 жылдарда республикадағы баспахана ғимараты орналасқан. Дегенмен тоқсаныншы жылдары жекешелендіру желеуімен кәсіпкердің меншігіне өтті. Содан бергі кезеңде сауда дүкені ретінде көпшілікке қызмет көрсетіп келеді, - деді Қызылорда облыстық «Тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі» КММ директоры Ерғазы Алданазаров. 

Фото: Қызылорда облыстық «Тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі» КММ

Сондай-ақ қалада 1884 жылы салынған бұрынғы казарма, 1890 жылдарда бой көтерген шіркеу ғимараттары күні бүгінге дейін сақталып келе жатқаны қуантады. Одан бергі жылдарда теміржол вокзалы (1905 жыл), теміржол милициясы ғимараттары (1905 жыл) да басты назарда ұсталып отыр. 

— Оған қоса Қызылорда қаласының астана болған жылдарда іргетасы қаланған теміржолшылар клубы (1924 жыл), қалалық атқару комитетінің ғимараттары (1927 жыл) қазір жергілікті тұрғындардың мақтанышына айналған. Айта кетсек, аталған ғимараттың барлығы мемлекеттік қорғауға алынған. Сондай-ақ транспорттық прокуратура (1905 жыл), № 5 магазин (1905 жыл), қалалық монша (1905 жыл), көркемсурет шеберханасы ғимараттары (1905 жыл) аталған тізімге енгізілген. Жалпы алғанда, облыс орталығында мұндай 12 тарихи ғимарат орналасқан. Тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау және пайдалану, күтіп-ұстау мақсатында жергілікті атқарушы орган мен тарих және мәдениет ескерткіштерінің меншік иесі немесе оны пайдаланушының арасында қорғау міндеттемесі рәсімделген. Олардың ешқайсысы тиісті орыдардың рұқсатынсыз аталған ғимараттардың сәулеттік келбетіне ешқандай өзгеріс жасай алмайды, - деді Е. Алданазаров.

Фото: Қызылорда облыстық «Тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі» КММ

Ұлт зиялылары қайда тұрды?

Қызылорда қаласы еліміздің астанасы атанған жылдарда қазақ халқы үшін көптеген маңызды оқиға болды. Солардың бірі ретінде ұлт атауына қатысты мәселені айтуға толық негіз бар. Оған қырғыз-қайсақ деп аталып келген халқымызға қазақ атауы толық қайтарылды. Бұл істе ұлт зиялыларының еңбегі ұшан-теңіз. Сондай-ақ белгілі зерттеуші Тұрсынбек Кәкішев өзінің зерттеу еңбектерінде белгілі қайраткерлердің ұлт атауын қайтару жөніндегі ұсынысынан басқа кеңсе істерін қазақ тілінде жүргізу, оқу-ағарту саласына барынша ден қою секілді ұсыныстар жасағанын айтады. Сол бір жылдарда Қызылордада қызмет атқарған белгілі азаматтардың кейбірінің тұрған үйлері белгісіз болып қалған.

Фото: Қызылорда облыстық «Тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі» КММ

— Ол үй жиырма жылдай бұрын белгісіз себептермен бұзылып кеткен. Оның орнына салынған үйге ескерткіш тақта орнатылған. Дерек көздеріне сүйенсек, ол кісінің үй ескі базарға жақын болғаны айтылады. Өкініштісі, ұлт зиялылары қызмет еткен Қазақ ССР Атқару Комитетінің ғимараты да 2000 жылдардың бас кезінде бұзылып кетті. Әрине, ол уақытта қазіргідей тарихи мұраларды қорғау бағытында тиісті талаптар сақтала қойған жоқ. Соның салдарынан ұлтымыз ұлықтайтын тархи жәдігерлерден көз жазып қалдық. Сол ғимараттың көшірмесі Сырдария өзенінің сол жағалауынан бой көтеріп, жергілікті жұртшылықтың көзайымына айналғаны қуантады. Менің ойымша, мұндай ғимараттарды келер ұрпаққа аманат есебінде көзіміздің қарашығындай сақтауымыз тиіс еді. Облыстық телеарнада жүрген кезімде ол жайында арнайы хабар дайындаған едім. Айтылған пікірлерге сол кезеңдегі басшылар құлақ асқан жоқ, - деді ҚР Жазушылар одағы облыстық филиалының төрайымы, ақын Қаршыға Есімсейітова.

Фото: Қызылорда облыстық «Тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі» КММ

Көзден таса қалмасын десек…

Жергілікті өлкетанушы Әлімжан Ержанов тарихи ғимараттарды сақтап қалуға баса назар аудару қажет екенін айтады. Бұған байланысты Түркия, Италия, Грекия секілді еуропалық елдерден үлгі алуға болады. Сондай-ақ іргемізде тұрған Өзбекстан елінде де көне ғимараттарды сақтап қалу арқылы қыруар кіріс кіргізіп отыр.

— Қазақстандықтар Қызылорда қаласын қазақтың алғашқы астанасы ретінде біледі. Сол жылдарда қазақ зиялыларының табаны тиген ғимараттар қай кезде де халқымыз үшін бағалы екені белгілі. Дегенмен әзірге осы жағы олқы соғып тұр деген ойдамын. Бұл мақсатта арнайы туристік маршруттан ашып, қазірге дейін сақталған ғимараттарды таныстыруға болады емес пе? Тіпті жергілікті тұрғындардың өзі оларды толық біле бермейді. Өйткені, Қызылордада мектептердің өзінде балаларға ол жайында ақпарат айтылмайды. Әрине, кезінде тарихи ғимараттарды сақтауға байланысты олқылықтардың болғанын жасыра алмаймыз. Ендігі кезекте оған ешбір жол бермеуіміз тиіс. Облыс орталығынан өзге барлық ауданда осындай ғимараттар бар. Олар «Түрксіб» теміржолының салынуына байланысты бой көтерген еді. Бұл ғимараттар да көзден таса қалмауы тиіс, - деді ол.

Фото: Қызылорда облыстық «Тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі» КММ

Шынында, қолда бар қаншама құнды ғимараттан көз жазып қалғанымыз қынжылтады. Тарих өткенімізді айшықтайды. Кезінде оны түсінбеген кейбір азаматтар ұлт зиялыларының табаны тиген ғимараттардың бұзылып кетуіне алып келді. Қазір олқылықтардың зардабын тартып жүрміз.