Еңбек заңнамасын бұзғандарға 9,5 млн теңге айыппұл салынды

Фото: Өңірлік коммуникация қызметі

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Өткен жылы Қызылорда облысының мемлекеттік еңбек инспекторлары тексеру нәтижесінде 348 заңбұзушылықты анықтады. Бұл туралы мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті мәлімдеді.

235 нұсқама берілсе, соның 212-сі немесе 90,2%-ы орындалды.

- Еңбек заңнамасы талаптарын бұзғандарға қатысты 49 әкімшілік іс қозғалып, 2 ескерту берілді. 9,5 млн теңге айыппұл салынды. Оның 8,6 млн теңгесі бюджетке түсті, қалған бөлігі мерзіміне сәйкес өндіріліп жатыр, - деді департамент басшысы Бектемір Жұмағұлов.

Былтыр 517 жұмысшының бұзылған еңбек құқығы қалпына келтірілді. Жұмыс орнындағы 68 жазатайым оқиға тергеліп-тексеріліп, оның 39-ы еңбек қызметімен байланысты деп танылды.

- Зардап шеккендер саны 57 болды, бұл 2024 жылғыдан 14%-ға көп. Есепті мерзімде мемлекеттік еңбек инспекторларының қарауына жеке және заңды тұлғалардан 2124 өтініш түсіп, заңдылықтарға сәйкес қаралды. Оның 551-і (25,9%) қанағаттандырылған, 473-і (22,2%) қарау реттілігімен басқа органға жолданса, 1100 (51,7%) өтінішке заңнама талаптарына сәйкес жауаптар берілген, - деді департамент басшысы.

Еске салсақ, елімізде ақпараттар жүйесін интеграциялау арқылы кәсіпорындарда болған төтенше жағдайларды тергеу барысы толық автоматтандырылды.