Атап айтқанда, «Қазсушар» РМК облыстық филиалын тексеру барысында 13 мың тонна қиыршық тас жеткізілмегені белгілі болды. Бұл ретте қаражат жалпы жеткізу көлеміне толық аударылған (60 мың тонна).
Табиғи материал – Көкарал бөгетінің стратегиялық нысанын нығайту үшін өте қажет екенін айта кету керек. Заңсыз әрекеттердің салдарынан мемлекетке 188 млн теңгеден астам шығын келген.
– Аталған факті бойынша облыс прокуратурасымен Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігінің 2) тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық белгілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілді (лауазымды адам өзiнiң қызмет бабын пайдалана отырып, өзіне сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу, яғни жымқыру, аса iрi мөлшерде жасаған). Соттың санкциясымен «Қазсушар» РМК филиалының бес лауазымды тұлғасы мен бас мердігер қамауға алынды, - деп хабарлады облыстық прокуратурадан.
Қылмыстық істі облыстың арнайы прокурорлары тергеді. Қазір ол бойынша іс аяқталып, сотқа жіберілді.
Айта кетейік, Түркістан облысында басқарма басшысы жалақыға бөлінген 181 млн теңгені жымқырған.