Кинолекторийдің алғашқы күні Қызылорда мен Түркістан көрермендерінің назарына «Aral» және «Серт» деректі фильмдері ұсынылды.
«Aral» фильмінің басты кейіпкері — жарты ғасырдан астам ғұмырын балық аулаумен өткізген Күнтуған Тұрғанбаев. Авторлар қарияның тағдыры арқылы Арал теңізінің тарихын, адам мен табиғаттың байланысын және өңірде соңғы онжылдықтарда болған өзгерістерді көрсетеді.
Күнтуған Тұрғанбаев фильмге қатысу өзі үшін ерекше тәжірибе болғанын атап өтті.
— Бір аптадай түсірілім тобымен бірге жүріп, кезінде балық аулаған таныс жерлерімді қайта көрдім. Теңіз өткен ғасырдың 60-жылдарынан бастап тартыла бастады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан жұмыс нәтижесінде теңіз бірте-бірте орала бастады, — деді ол.
Фильмде бүгінде Арал теңізінің шамамен 36 пайызы қалпына келгені айтылған.
Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет фильм авторларына Арал тақырыбына терең үңіліп, аша білгені үшін алғыс айтты.
— Күнтуған атаның тағдыры — бір адамның ғана емес, Аралдың тағдыры. Жарты сағатқа Аралдың өткені мен бүгінін сыйдырғаны көңілге жылылық ұялатты. Ұлттық Құрылтайдың V отырысында Мемлекет басшысы Арал теңізі мәселесіне тоқталып, оның жаһандық маңызын атап өткен болатын. Бұл фильм болашақ ұрпақ алдындағы Аралды сақтау жауапкершілігін еске салады, — деді ол.
«Серт» фильмі көрерменге Қазақстанның 2024 жылғы көктемгі жойқын су тасқыны салдарын қалай еңсергенін көрсетеді. Мемлекет басшысының жеке бақылауымен қысқа мерзім ішінде табиғи апат салдары жойылып, жаңа үйлер салынды, инфрақұрылым қалпына келтіріліп, тұрғындар өз үйлеріне оралды.
Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мадияр Әліпов те қос картинаға жоғары баға берді.
— Екі фильм де өте әсерлі шыққан. Күнтуған қарияның тағдыры арқылы бір адамның ғана емес, тұтас Арал өңірінің тарихы мен тағдыры ашылған. Ал «Серт» фильмі әрбір оқиғаның артында адам тағдыры тұрғанын шынайы жеткізіп, ел бірлігі мен ынтымағы мықты болса, кез келген қиындықты еңсеруге болатынын аңғартады, — деді ол.
Көрсетілімнен кейін Қызылорда мен Түркістан тұрғындары фильмдер жайлы өз пікірлерімен бөлісті. Көрермендер режиссерлік және операторлық жұмыстың жоғары деңгейде орындалғанын, сондай-ақ туындылардың шынайылығы мен өз орнымен баяндалуын ерекше атап өтті.
Түркістан тұрғыны Жанна Жайлаубайқызы «Aral» фильмін халықаралық деректі жобалармен салыстырды.
— Арал — тек теңіз ғана емес, сол маңда өмір сүрген халықтың тағдыры мен тұрмысы. Фильмдегі символикалық шешімдер, күннің батуы, қарияның төбешікте отырып сыр шертуі секілді кадрлар туындының көркемдік тереңдігін айқындай түседі, — деді Жанна Жайлаубайқызы.
Қала тұрғындары «Серт» фильмін де ерекше әсермен қабылдап, қиын кезеңде Президент қолдауы мен мемлекеттің көмегі маңызды рөл атқарғанын айтты.
— «Серт» фильмі қазақстандық қоғамның қалай жұмыла алатынын көрсетеді. Туынды ең қиын сәттерде де халықтың рухы мықты болатынын, ал мемлекет пен азаматтардың бірлескен әрекеті кез келген дағдарысты бірлік сабағына айналдыратынын айқын көрсетеді, — деді қала тұрғыны Әтіркүл Тәшімова.
Кинолекторийдің екінші күні көрермендерге «Travel Kazakhstan» және «Қуатты серіктес» фильмдері ұсынылды. «Travel Kazakhstan» туындысы еліміздің туристік әлеуетіне арналса, «Қуатты серіктес» фильмі Қазақстан мен Жапония арасындағы ынтымақтастықтың дамуын баяндайды.
Еске сала кетейік, Президент телерадиокешенінің «Хроникадан — болашаққа» атты кинолекторийі 21 мамырда Астанада басталған болатын. Қызылорда мен Түркістаннан кейін көрсетілімдер Шымкент, Тараз, Ақтау, Атырау, Орал, Ақтөбе, Өскемен, Семей, Павлодар, Петропавл, Қостанай, Жезқазған, Қарағанды, Көкшетау, Талдықорған және Қонаев қалаларында жалғасады.
Барлық фильмдер Президент телерадиокешенінің жеке продакшн-базасы — Деректі кино орталығында түсірілген. Сценарий авторы — Нұрлан Қабдай, режиссерлері — Зухраб Отаров пен Дәулет Әуелбеков.
Деректі фильмдер көрсетілімі облыс әкімдіктерінің қолдауымен өңірлік кинотеатрларда ұйымдастырылып жатыр. Кіру тегін.
Қорытынды көрсетілім 25 қыркүйекте Алматы қаласында өтеді.
Осыған дейін Президент телерадиокешенінің кинолекторийі елдің барлық аймағын аралайтыны туралы жаздық.