Қызылорда облысы әкімінің орынбасары тағайындалды

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM - Бүгін Қызылорда облысының әкімі Мұрат Ергешбаев Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімімен және облыс әкімінің өкімімен облыс әкімінің орынбасары лауазымына тағайындалған Нұриддин Аманқұлды аймақ активіне таныстырды.

Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

Нұриддин Аманқұлұлы 1986 жылы Тараз қаласында дүниеге келген. К.Сағадиев атындағы халықаралық бизнес университетін экономика мамандығы бойынша тәмамдаған, экономика ғылымдарының магистрі.

Еңбек жолын 2007 жылы Халықаралық саясат институтында сарапшы ретінде бастап, кейін мемлекеттік және халықаралық инвестициялық-қаржылық ұйымдарда жауапты қызмет атқарған.

2012-2018 жылдары «KAZNEX INVEST» экспорт және инвестициялар жөніндегі ұлттық агенттігінде департамент директоры, басқарушы директор және Ыстанбұл қаласындағы инвестициялық өкіл болған.

2018-2023 жылдары Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Инвестициялар комитетінде шетелдік инвестициялар тарту басқармасын басқарды, сондай-ақ Қазақстанның Түркия Республикасындағы елшілігінде бірінші хатшы және кеңесші лауазымдарында еңбек етті.

2023 жылдың маусым айынан осы тағайындауға дейін Қазақстан Республикасының Ыстанбұл қаласындағы бас консулы қызметін атқарды.

Мұрат Нәлқожаұлы жаңа орынбасарына өңірдің кәсіпкерлік, туризм және аграрлық әлеуетін арттыруға бағытталған кешенді шараларды жүзеге асыруды тапсырды.

Бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігінің 2026 жылғы 4 маусымдағы бұйрығына сәйкес Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы лауазымына Жанерке Жақсылық тағайындалды.