Қызылорда облысы Арал ауданының әкімі лауазымына Аманжол Оңғарбаев тағайындалды
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM - ҚР Президенті Әкімшілігі және Арал аудандық мәслихатының келісімдері негізінде облыс әкімінің өкімімен Арал ауданының әкімі лауазымына Оңғарбаев Аманжол Сақыпұлы тағайындалды.
А.Оңғарбаев 1968 жылы Арал ауданында дүниеге келген. Қорқыт ата атындағы Қызылорда педагогикалық институтын «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Болашақ» университетін «Қаржы және несие», Қазақ гуманитарлық Заң университетін «Заңтану» мамандықтары бойынша бітірген. Филология ғылымдарының кандидаты.
Еңбек жолын 1986 жылы қарапайым жұмысшы болып бастаған. 1993-2000 жылдары облыстық тіл басқармасының бірінші категориялы маманы, Ұлт саясаты жөніндегі облыстық комитеттің жетекші маманы, облыстық «Ақмешіт апталығы» газеті бас редакторының орынбасары лауазымдарында еңбек етті.
2000-2010 жылдары «АСУ» баспа үйі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры, «Халық» газетінің бас редакторы, директоры қызметтерін атқарған.
2010 жылдан бері «Сыр медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры қызметін атқарып келді. Қызылорда облыстық мәслихатының V, VII, VIII шақырылымдарының депутаты ретінде өңірдің және осы ауданның өзекті мәселелерін көтеріп, шешілуіне атсалысты.
Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылорда облысының табиғи ресурстар басқармасына жаңа басшы тағайындалды.