Жаңа Салық кодексі: Мемлекет бизнеске қатысты ұсыныстың 70 пайызын қанағаттандырды

АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде жаңа Салық кодексінің жобасына қатысты жұмыстар белсенді жүргізіліп жатыр. Осы орайда «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов Jibek Joly телеарнасына берген сұхбатында бизнес-қоғамдастық қандай идеялар мен ұсыныстар беретінін айтты.

Фото: freepik

Тимур Жаркеновтің айтуынша, еліміздің барлық бизнес-қоғамдастығы бұл жұмысқа белсенді қатысады. Кәсіпкерлер палатасы мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылды қамтамасыз ету үшін бизнес ұсыныстарын шоғырландырады. Өзгертулер шағын және орта бизнесті, ірі кәсіпорындарды және тау-кен саласын қоса алғанда экономиканың барлық саласын қамтиды.

Жалпы, Кәсіпкерлер палатасы бизнестен 400 ұсыныс алды. Дегенмен олардың көбі қайталанатыны ескеріліп, тек жартысы ғана мемлекеттік органдарға жіберілді. Қазіргі уақытта олардың шамамен 70 пайызы жұмысқа қабылданды және қанағаттандырылды.

«Мысалы, нағыз ұсыныстардың бірі үй жанындағы дүкендерге, атап айтқанда алкоголь өнімдерін сатуға қатысты болды. Бұған дейін ол үшін арнайы рұқсат пен белгілі бір төлем талап етілетін. Мұның үстіне ол ірі супермаркеттер үшін де, шағын дүкендер үшін де бірдей еді. ҰКП бастамасымен алдағы уақытта бұл төлем жойылады», - деді Тимур Жаркенов.

Сондай-ақ, оның айтуынша, қазіргі уақытта құлдырап тұрған тау-кен саласының мәселелері де талқыланды.

«Қазіргі уақытта Қазақстандағы геологиялық барлаудың барлық процесін қайта бастау үшін іс-шаралар жүргізу қажет. Жалпы алғанда, барлық барланған қордың басым үлесі және оларды өндіру мен өңдеу кеңес заманынан басталды. Қазақстандағы осындай іргелі сала экономиканың локомотиві болып қала беруі үшін геологиялық барлау жұмыстарын қолдауды күшейткен жөн. Осы және басқа да мәселелер жаңа Салық кодексін әзірлеу барысында көтерілді және олардың көпшілігі мемлекет тарапынан оң баға алды», - деп атап өтті «Атамекен» ҰКП төрағасының орынбасары.