Қызылорда облысы: екі аудандағы әкім сайлауында 72 мың адам дауыс береді

Фото: Фото: ҚазАқпарат

Қызылорда облысында Шиелі және Сырдария аудандарындағы әкім сайлауында 72 мыңнан астам адам өз таңдауын жасайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Пилоттық негізде бастау алған сайлау жергілікті мәслихат шешімімен Қызылорда облысында Шиелі және Сырдария аудандарында өткізіледі. Бұл мақсатта Сырдария ауданында - 18, Шиелі ауданында - 40 учаскелік комиссия жұмыс істейді. Онда 388 комиссия мүшесі қызмет атқарады.

«Екі ауданда сайлау өткізуге жауапты барлық комиссия мүшелері арнайы біліктілік оқытуынан өтті. Жергілікті әкімдік сайлаушылар тізімін жасауда белсенді жұмыс жүргізуде. Қыркүйектегі жағдай бойынша Сырдария ауданында – 22101, Шиелі ауданында – 50402 сайлаушы тіркелген. Өңірде дауыс беретін азаматтар үшін «Өзіңді сайлаушылар тізімінен тексер» атты арнайы сервис іске қосылды. Шиелі және Сырдария ауданының тұрғындары saylau.orda.gov.kz сайтына кіріп, ЖСН нөмірін теру арқылы өз учаскесін оңай таба алады. Сервисте учаскенің нөмірінен бастап комиссия құрамы мен мекен-жайы және байланыс деректері көрсетілген. Мұнан бөлек, сайлаушылар үшін 109 бірыңғай байланыс орталығы да жұмыс істейді», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық сайлау комиссиясынан.

Ведомство мәліметінше, диспетчерлер аудан әкімдерінің сайлауына қатысты тұрғындардың сауалдарына жауап береді. Кандидаттардың ұсынылған құжаттары тексеруден өткеннен кейін тіркеу процесі жүргізіліп, үгіт кезеңі басталады.