Қызылорда облысы экономикасында оң өзгеріс байқалды

Қызылорда облысында жыл басынан бері әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі макрокөрсеткіштері бойынша өсімнің оң динамикасы қалыптасты, деп хабарлайды Кazinform. 

Фото: Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

Облыстың өнеркәсіп кәсіпорындары құны 763,6 миллиард теңге болатын өнім өндірді. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 0,7 пайыз артық. Өңдеу өнеркәсібі де биыл 15,8 пайызға артық орындалған. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында облыстық Экономика және қаржы басқармасының басшысы Қамбарбек Мүбараков айтты.

«Өсім негізінен тамақ өнімдерін өндірудің 3,1%-ға, мұнай өңдеу өнімдерін өндірудің 13,5%-ға, резеңке және пластмасса бұйымдарын өндірудің 13,7%-ға, өзге де бейметалл минералдық өнімдерді өндірудің 21,6%-ға, металлургия өндірісінің 36%-ға және машиналар мен жабдықтарды жөндеу және орнатудың 38,9%-ға артуы есебінен қамтамасыз етілген. 2023 жылы Бірыңғай индустрияландыру картасы аясында облыста жалпы құны 3,9 млрд теңге болатын, 199 жұмыс орны құрылатын 3 жобаны іске асыру жоспарланған», - деді Қамбарбек Амангелдіұлы.