Қызылорда облысы: Ойда сақталған он оқиға

Қызылорда облысында биыл елді елең еткізген оқиғалар тіркелді. Олардың арасында жұртшылық үшін жағымды жаңалықтармен бірге кейбір төтенше жағдайлар кездесті. Kazinform сол оқиғаларға қайтадан көз жүгіртіп, ой елегінен өткізіп көрді.

Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

1
Қызылорда қаласындағы жылу-электр орталығының ескі екендігі коммуналдық салаға едәуір қиындық туғызып келді. Сол олқылықтың орнын толтыру мақсатында жаңадан жылу-электр орталығын салу мәселесі көтерілді. Бұл мәселенің түпкілікті шешімі Республика күні қарсаңында шешілді. Облыс орталығында жаңа жылу орталығының іргетасы қаланды.

Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

 

Өткен жылдың тамыз айында еліміздің Энергетика министрлігі мен «Акса Энерджи» компаниясы Қызылордада жаңа жылу-электр орталығын салу туралы келісім-шартқа қол қойған еді. Оның қуаттылығы 240 мегаваттты құрайтыны анықталды. Құны 215 млрд теңгеге жуықтады..

Нәтижесінде сол жылдың қыркүйек айында капсула салу рәсімі өтккізілді. «Акса Энерджи» компаниясы бұл мақсатта Америка, Еуропаның «Дженерал Электрик», «Сименс» және басқа да ірі компанияларына соңғы үлгідегі заманауи қондырғыларды дайындауға алдын ала төлем жасады. Орталық 2025 жылдың тамыз айында ел игілігіне берілмек.

Бұл - елімізде тәуелсіздік жылдарында алғаш рет салынып отырған алғашқы жылу-электр орталығының бірі.

2
Келесі жылы Қызылорда қаласындағы Қорқыт ата әуежайының жаңа терминалы пайдалануға беріледі.

«Бірақ өткен жылы мен осы қызметке келгенде демеушілердің көмегімен 100 млн теңгеге қазіргі ескі терминалды жөнделді. Қазір жағдай жақсы, келген қонақтарды қабылдап жатырмыз. Биыл ақпанда жаңа терминалдың құрылысы басталды. Келісімен жерлесеміз Болат Өтемұратовқа хабарластық. Мемлекет басшысы да тапсырма бергенін білесіздер, азаматтар туған өңіріне көмектесуі керек. Болат Өтемұратовтың қоры жоба жасап, ақпанда жаңа терминалдың құрылысын бастадық. Құны — 15 млрд 700 млн теңге», — деді облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев.

Жаңа терминал құрылысы алдағы мамыр айында аяқталып, ел игілігіне беріледі деп жоспарланып отыр.

3
Сондай-ақ, Қызылордада Қорқыт ата атындағы университет жанынан Сеул университетінің жасанды интеллект және информатика жоғары мектебі ашылды.

Биыл Корея Республикасына арнайы іссапармен барған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жергілікті ғалымдармен бірге Сеул ұлттық ғылым және технология университенінің президентімен кездесіп, әріптестік меморандумға қол қойды. Сол университет басшылары биыл Сыр өңіріне келіп, Қорқыт ата университетінің базасында Интеллект және информатика жоғары мектебін ашты. Онда 40-тан аса студент білім алып жатыр.

Интеллект және информатика жоғары мектебінде IT саласындағы кадрлар дайындалып жатыр. Алдағы уақытта Сеул ұлттық ғылым және технология университетінің филиалын ашу ойластырылып отыр.

4
Жергілікті тұрғындардың өтініші «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің Ақтөбе қаласына дейінгі аумақты 1 санатқа ауыстыру болатын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қызылорда облысына жасаған сапары барысында берген тапсырмасына орай аталған мәселе алдағы уақытта шешімін табатын болды.

Оған қоса «Қызылорда-Жезқазған» автожолы жиі қозғалатын еді. Қазірге дейін Қызылорда облысының аумағына тиесілі 216 шақырым жолдың басым бөлігі аяқталды.

Бұрын Қызылордадан шыққан азаматтар сапасыз жолмен Астанаға бір тәулік бойы жүріп баратын. Келесі жылы бұл жұмыстар жалғасады. Жолды жаңғырту аяқталса, Астанаға жету уақыты 11 сағатқа дейін қысқарады. Сонда тек қызылордалықтар ғана емес, Түркістан облысы, Шымкент қаласы, ақтөбеліктер де Астана мен солтүстік өңірлерге осы жолмен қатынайтын болады.

5

Наурыз айында ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаменті Қызылорда қаласындағы криминогендік жағдайға ықпал еткен қылмыстық топтың жолын кесті.

Қылмыстық топқа қатысушылардың қылмысын әшкерелеу бойынша өткізілген арнайы операция барысында полиция органдарына 10 күдікті жеткізілді. Олар күзет қызметінде өздері ықпалын жүргізетін аумақтарды бөліске салу үшін бірнеше рет қылмыстық қақтығыстарға қатысқан.
Ойын-сауық орындарында әдейі жанжал туғызып, сол орындардың иелерін өздерінің қамқорлығын қабылдауға мәжбүр еткен.

Қылмыстық топтың бірқатар ауыр және аса ауыр қылмыстар жасауға, соның ішінде кісі өлтіруге оқталу, ауыр дене жарақаттары мен бұзақылық жасауға қатысы бар екені анықталды.

6

Қоян жылғы тағы бір елеулі жаңалықтың бірі - Қызылорда облыстық көпбейінді ауруханаcsyда бүйрек ауыстыру отасының жасалуы. Оны А. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы басқарма төрағасы, медицина ғылымдарының докторы, профессор Болатбек Баймахановтың басшылығымен қызылордалық дәрігерлер сәтті атқарып шықты.

Соңғы үш жылдан бері жасанды бүйрек аппаратына тәуелді болып келген 25 жастағы науқастың енді бұрынғыдай толыққанды өмірге оралуына жол ашылды. Диализ орталығына тәуелді болудан құтылды. Сәтті ота науқасты уақыт пен тамақтануға байланысты шектеулерден босатты. Науқасқа 36 жастағы туысқан ағасы донор болуға келісімін берген.

«Елімізде 2011 жылдан бері бүйрек және бауыр трансплатациясы кең ауқымда жүргізіліп келеді. Бүгінге дейін 1 000-ға тарта ота жасалды. Оның 700-і бүйрекке қатысты болса, қалғанын бауыр трансплантациясы құрайды. Бұл – өте күрделі іс, оған әрбір дәрігер үлкен жауапкершілікпен қарайды», - дейді Болатбек Баймаханов.
7
Сәуір айында Қызылорда облысында жасөспірімді ұрып-соққан 5 оқушының оқиғасы елді елең еткізді. Әлеуметтік желіде жасөспірімді белгісіз азаматтардың ұрып-соғып жатқаны жөнінде бейнекөрініс жарияланған еді.

Осы мақсатта Қазалы аудандық полиция бөлімі қосымша тексеру және әлеуметтік желілерде мониторинг жүргізді. Нәтижесінде бейнероликте көрсетілген кәмелетке толмағанды ұрып-соққан адамдар анықталған.

Аталған оқиғаға байланысты Қазалы аудандық полиция бөлімінің басшысы және 10 қызметкер қатаң тәртіптік жазаға тартылды. Кемшіліктерге жол берген Қазалы аудандық білім бөлімінің басшына қатаң сөгіс жарияланды. Өзге де тиісті мамандардың жауапкершілігі қаралды. Кейіннен аталған оқиғаға байланысты сот үкімі шықты.

8
Мәдениет саласындағы жағымды жаңалық Қызылорда облысындағы Шірік-Рабат және Сығанақ қалашықтарынан табылған Сақ жауынгері мен Сығанақ ханшайымы реконструкцияларының таныстырылымы өтті.

2004-2005 жылдарда «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Шірік-Рабат қалашығына археолог-ғалым Жолдасбек Құрманқұловтың жетекшілігімен жүргізілген экспедиция нәтижесінде Сақ жауынгері табылған. Қабірден ер адам мүрдесімен бірге ұзындығы 1 метрден асатын, сабы ағашпен қапталған семсер, белдіктің қалдықтары, қанжар сынығы, парфяндық жазуы бар қыш құмыра-көнек, хош иістендіргіш культтік бұйымы, әртүрлі пішіндегі алтын жапсырмалар көзге түсті.

Елге белгілі реставратор Қырым Алтынбеков «Шірік-Рабат сақ жауынгері» реконструкциясын жасап шықты. Мүсін Шірік-Рабатта жерленген адамның бойының ұзындығына сәйкес жасалған. Артефактілер ежелгі өркениеттің материалдық және рухани мәдениетінен мағлұмат береді.
Сығанақ ханшайымы – Алтын Орда кезеңіндегі Ұлы даланы мекендеген ақсүйек әйелдің образы. Сығанақ ханшайымы 2019 жылы ортағасырлық Сығанақ қалашығына Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті мен Өзбекстандағы Орталық Азия халықаралық институты бірлесе жүргізген археологиялық қазба жұмыстары кезінде Сығанақтың №3 қазба нысанынан (сағана) табылған.

Қызылорда облысы әкімдігінің арнайы қаулысымен Шиелі ауданы Сауысқандық шатқалындағы петроглифтер кешенінің қорғау аймағы бекітілді. Алдағы уақытта вандализмді тоқтату үшін ескерткіш аумағы қоршалып, арнайы бақылауға алынады. Тарихшылар бұдан бұрын петроглифтердің жай-күйіне алаңдап, оны қорғауға алу жөнінде ұсыныс білдірген еді.

9
Қызылорда облысында алып нәресте дүниеге келді. Оның салмағы 5,6 келіні шамаласа, бойы 57 сантиметрді құрайды. Қызылорда облыстық перинаталдық орталығында салмағы 5,6 келі, бойы - 57 сантиметрді құрайтын ұл бала жарық дүние есігін ашты. Алып баланы жаңақорғандық 37 жастағы көпбалалы ана Айгүл Дүйсебаева жүктіліктің 42 аптасында өмірге алып келді. Бұл - отбасындағы сегізінші перзент, барлығы - ұл бала.

Мамандардың айтуынша, медицинада нәрестенің салмағы 4 келіден асса, ірі ал, 5 келіден жоғары болса алып болып саналады. Облыстық перинаталдық орталығында жыл басынан бері салмағы 4 келіден асатын 1 546 сәби дүниеге келген. Ал салмағы 5 келіден асатын 38 бала туды.

Қызылорда облысында екі үшем жарық дүние есігін ашты. Облыс орталығында тұратын 30 жастағы Алтынай Байназарова перинаталдық орталықта үшем босанды. Олардың үшеуі де қыз бала. Ата-әжелері үшемге Әмина, Медина, Ясина деп ат қойды.

Байқоңыр қаласында тұратын 31 жастағы Әйгерім Әлімханова «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында Айлин, Анель, Адель есімді үшемді дүниеге әкелді.

10
Қызылорда облысында жыл басынан бері 10 бала терезеден кұлап кеткен. Олардың 1-уі көз жұмды. Оқыс оқиғаның 1-уі Жаңақорған ауданында тіркелсе, қалғаны Қызылорда қаласында болған.

Оқиға салдарынан 2-6 жас аралығындағы 9 бала зардап шегіп, 1 бала қаза болды. Олардың терезеден құлау дерегі басты себебі ретінде ата-аналардың балаларды бақылаусыз қалдыруын айтуға болады. Сондай-ақ, терезенің ашық қалуынан, москит торларының берік бекітілмеуінен, балалардың терезе алдында ойнауынан осындай жағдайлар тіркеледі.