Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Әділбек Ерсұлтанов Шиелі ауданы әкімі сайлауының қорытындысын хабарлады. Ауданда сайлаушылардың 72,91% учаскелерге келіп, олардың 81,2%-ы Айтбай Жандарбековті қолдаған.
А.Жандарбеков 1974 жылы дүниеге келген. Қызылорда политехникалық институтын «Бухгалтерлік есеп және аудит» мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 1992 жылы «Қазақстанның 30 жылдығы» кеңшарында жұмысшы болып бастап, әр жылдары түрлі салада еңбек еткен.
2001-2018 жылдары «Бәйгеқұм» станциясының пошта меңгерушісі, Шиелі аудандық статистика басқармасының жетекші маманы қызметтерін атқарған. 2018-2020 жылдары «Гигант» ауылдық округінің әкімі ретінде тұрғындардың өзекті мәселелерін шешуге атсалысты.
2020-2023 жылдары Шиелі аудандық статистика басқармасының басшысы, аудан әкімінің орынбасары лауазымдарында қызмет атқарды.
2023 жылдың наурыз айынан Шиелі аудандық мәслихатының төрағасы болды.
Еске салсақ, бұдан бұрын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қызылорда облысы бойынша департаментінің жаңа басшысы тағайындалды.