Қызылорда облысында 102 жастағы майдангер аудан әкімі сайлауында таңдау жасады
Қызылорда облысында 102 жастағы сырдариялық майдангер Яхия Тасыров пилоттық негізде алғаш рет өтіп жатқан аудан әкімі сайлауында таңдау жасады, деп хабарлайды Kazinform.
Сыр өңірінде Сырдария және Шиелі аудандары әкімінің сайлауы өтуде.
Оған 102 жастағы сырдариялық майдангер Яхия Тасыров алғашқылар қатарында келіп, өз таңдауын жасады.
«Туған жеріне қызмет ететін азаматты таңдау - маңызды сәт. Бірлікті ту етіп, ауданның дамуына негіз болатын саяси науқанға әрбір азамат бей-жай қарамау қажет», - деді қарт майдангер.
Қазыналы қария өз таңдауын жасағаннан кейін ақ батасын беріп, сәттілік тіледі.
Айта кетсек, Сырдарияда 22101, Шиеліде 50402 сайлаушы тіркелген.
Сайлау комиссияларының мәліметі бойынша, 2 ауданда 1011 азамат алғаш рет дауыс беруге қатысады. Оның 694-ы Шиелі, 317-і Сырдария ауданында тұрады. Сондай-ақ пилоттық сайлау өтетін аудандарда 5 қараша күні 18 жасқа толатын 5 азамат бар.
Дауыс беру жергілікті уақыт таңғы сағат 07.00-ден басталып, кешкі 20.00-ге дейін жалғасады.