Сыр өңірінде Сырдария және Шиелі аудандары әкімінің сайлауы өтуде.
Оған 102 жастағы сырдариялық майдангер Яхия Тасыров алғашқылар қатарында келіп, өз таңдауын жасады.
«Туған жеріне қызмет ететін азаматты таңдау - маңызды сәт. Бірлікті ту етіп, ауданның дамуына негіз болатын саяси науқанға әрбір азамат бей-жай қарамау қажет», - деді қарт майдангер.
Қазыналы қария өз таңдауын жасағаннан кейін ақ батасын беріп, сәттілік тіледі.
Айта кетсек, Сырдарияда 22101, Шиеліде 50402 сайлаушы тіркелген.
Сайлау комиссияларының мәліметі бойынша, 2 ауданда 1011 азамат алғаш рет дауыс беруге қатысады. Оның 694-ы Шиелі, 317-і Сырдария ауданында тұрады. Сондай-ақ пилоттық сайлау өтетін аудандарда 5 қараша күні 18 жасқа толатын 5 азамат бар.
Дауыс беру жергілікті уақыт таңғы сағат 07.00-ден басталып, кешкі 20.00-ге дейін жалғасады.