Қызылорда облысында 14 бала терезеден құлап кетті
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM - Қызылорда облысында биыл балалардың терезеден құлауы бойынша 13 дерек тіркеліп, салдарынан 1-7 жас аралығындағы 14 бала түрлі дене жарақатын алды.
Олардың барлығы Қызылорда қаласында тіркелген. Барлығы аман, түрлі дене жарақатын алған. Биыл мамыр айында бір күнде үш бала көп қабатты үйдің терезесінен құлау жағдайы болды. Оның біреуінде көп қабатты үйдің үшінші қабатындағы балконнан үй иесінің 2017 жылғы қызы мен 2018 жылғы туысы құлап кеткен. Ал бір оқиға бойынша баланың баспалдақтан құлауы тіркелді. Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметі бойынша, балалардың терезеден құлау жағдайының басты себебі – ата-аналардың балаларды бақылаусыз қалдыруы.
«Терезеде уақытша бекіткіш тордың болмауы мен москит торының берік бекітілмеуі оқыс оқиғаның тіркелуіне алып келеді. Оған қоса балалардың терезенің алдында ойнауына жол бермеу қажет», - деді Қызылорда облысы ТЖД Төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің бастығы Бейбітхан Спанов.
Бұл бағытта сала мамандары қауіпсіздік шараларына байланысты үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп келеді.
Былтыр дәл осындай 14 дерек тіркелген еді.