Мемлекет тарапынан жасалған қолдаудың нәтижесінде аталған саланың индикаторы мен көрсеткішінде оң өзгерістер байқалып отыр. Биыл білім саласына жоспарланған қаржы 245 млрд теңгені құрап, 19 пайызға артты.
Мектепке дейінгі білім беретін 680 мекемеде 54129 бала тәрбиеленуде. Қазіргі таңда 3-6 жастағы сәбилер толықтай балабақшамен қамтылған. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша меншік нысанына қарамастан, өңірдегі 6 мыңнан астам тәрбиешінің жалақысы 30 пайызға артты. Жыл басынан бері балабақшалар желісін кеңейту мақсатында оң істер жүзеге асты.
Облыста 180 мыңнан астам бала 325 мектепте білім алады. Биыл бірінші сыныпқа 17543 бала қабылданды. Апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектептер мәселесін шешу мақсатында кешенді шаралар жүзеге асырылуда.
Жаңа оқу жылында 4 мектепте 2 мың балаға арналған қосымша ғимараттар пайдалануға берілді. Сондай-ақ, облыс орталығындағы «Бәйтерек» шағын ауданында орналасқан 600 орындық мектеп ел игілігіне айналып, үш ауысыммен оқитын №№261, 280 мектептегі оқушы жүктемесін төмендетті. Жыл соңына дейін Арал ауданы Тоқабай елді мекені, Қазалы ауданы Әйтеке би кенті, Шиелі ауданы Байсын ауылы, Жаңақорған ауданы «МАИ бекеті» аумағында білім ошағы есігін айқара ашады.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында өңірде 21 мектеп бой көтереді. Оның 10-ы биыл басталса, қалғаны алдағы жылы жүзеге асады. Айта кетсек, 4 апаттық мектептің мәселесі аталған жоба негізінде шешімін табады.
Кейінгі жылдары оқушы санының артуына байланысты бірнеше білім ошағы қосымша құрылысты қажет етті. Облыс орталығында жаңа мектеп салуға ыңғайлы жер тапшы. Жаңадан ашылған жерге салынған мектепке қатынау қиын. Әсіресе қыстың қысқа күндері ата-аналар балаларына алаңдайды.
Сондықтан үш ауысымдық мектептер ауласына қосымша ғимарат салу барлық жағынан да тиімді болғандықтан, мамандар осы шешімге тоқталды. Осындай мектептің бірі - С. Толыбеков атындағы №3 ІТ-мектеп-лицейінің ауласындағы 375 орындық ғимаратта бастауыш сыныптар оқиды. Ал Т.Есетов атындағы № 264 мектеп-лицейдің қосымша ғимараты 550 балаға арналған.
Жаңа ғимараттарда оқу кабинеттері, шығармашылық бөлмелер талапқа сай жабдықталған. Оқушыларға ыңғайлы болу үшін оқу құралдарын сақтауға, шығармашылық дамуы мен демалуына барлық жағдай қарастырылған. Бейнебақылау, дыбыстық хабарлау және басқа да қауіпсіздік жабдықтары орнатылған.
Ә. Мүсілімов атындағы № 101 мектеп-лицейі жанындағы қосымша ғимарат құрылысы да осындай мақсатта қолға алынды. Биылғы жылға дейін 600 орындық бұл мектепте 2275 оқушы білім алып келді. Сондықтан білім ордасын кеңейту мәселесі күн тәртібіне енгізілді. Білім ордасы жанынан 375 орындық қосымша ғимараттың құрылысы бой көтерді.
Шиелі ауданындағы Жансейіт елді мекеніндегі 100 орындық мектептің құрылысы «Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры» есебінен қаржыландырылады. Бұдан бөлек 8 мектеп құрылысын жүргізуге аталған қорға ұсыныс берілді. 2025 жылы өңірде үш ауысымды мектептер мәселесі толық шешілмек.
Наурыз айының 20-25 күндері Шымкент қаласында жаратылыстану-математика бағытындағы пәндер бойынша республикалық олимпиада өткізілген болатын. Білім додасында 9-11 (12) сынып оқушылары математика, физика, химия, биология, география және информатика пәндері бойынша бақ сынасты.
Жалпы білім беретін пәндер бойынша өткізілген олимпиаданың республикалық кезеңіне Сыр өңірінен 38 оқушы қатысып, 18 оқушы жүлделі (5 оқушы – І орын, 5 оқушы – ІІ орын, 8 оқушы – ІІІ орын) орын иегері атанса, 2 оқушы арнайы грамотамен марапатталды. Ал 3 оқушыға М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің білім гранты табысталды. Білім сайысының қорытындысымен Қызылорда облысының командасы «Ең үздік олимпиадалық команда – ІІІ орын» атағын иеленді.
Биыл Қазалы ауданына қарасты Қ.Пірімов ауылындағы №92 орта мектебі «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы негізінде 239,5 млн теңгеге күрделі жөндеуден өткізілді.
Алғашқы кезекте күрделі жөндеуді қажет ететін 17 мектеп, 4 колледж ғимаратына жалпы құны 10,2 млрд теңгені қажет ететін жобалық-сметалық құжат әзірленіп, сараптама қорытындысы алынған. Ал Арал ауданындағы №14, Шиелі ауданындағы №151, Байқоңыр қаласындағы №275 мектептерге жобалық-сметалық құжат әзірленіп, сараптама қорытындысы алынуда.
Облыстағы 30 мектепке 11621 оқушы білім алады. Олардың 20-ы Қызылорда қаласында орналасса, 8-і Жаңақорған, 2-і Шиелі ауданында халыққа қызмет көрсетеді. Жеке мектептерге мемелкеттік тапсырыс «Қаржы орталығы» арқылы республикалық бюджеттен тікелей қаржы тартылып отыр.
Облыста дарынды оқушыларды қолдау мақсатында биыл Қызылорда қаласы мен Қармақшы ауданында мамандандырылған мектеп-лицей-интернат жұмысын бастады. Облыс орталығында 400 оқушыға арналған физика-математика бағытындағы мектеп-интернат құрылысы жүргізілуде.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Жолдауында «Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуы тиіс» – деген болатын. Қазіргі цифрландыру, индустрияландыру заманында ІТ саласына деген сұраныс пен техникалық ғылымдардың маңыздылығын ескере келе, жаратылыстану-математика бағытындағы пәндерге басымдық беруді міндеттеді. Сондықтан алдағы уақытта физика-математика бағытындағы мектеп-интернатынан түлеп ұшқан өрендер еліміздің дамуына сүбелі үлес қосады деген сенім зор.
Жаңа мектеп оқушыларға сапалы білім беруге мүмкіндік жасайтын барлық заманауи жабдықтармен жарақталады. Мектеп құрылысы келесі жылы аяқталып, оқушылар мен ұстаздар игілігіне беріледі.
Сондай-ақ балаларды қосымша біліммен қамту мақсатында заманауи «Оқушылар сарайының» іргетасы қаланды. Оған жергілікті «ҚазГерМұнай» компаниясы қолдау көрсетіп отыр.
Сондай-ақ, облыс әкімдігі және «Саутс-Ойл» компаниясының президенті Серікжан Сейітжановпен Қызылорда қаласының сол жағалауынан 650 орындық музыкалық колледж ғимаратын салу жобасы бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Колледж жанынан жатақханасы да салынады. Жалпы құны - 4 млрд. 800 млн теңге.
Оқу орнының қазіргі ғимараты 1983 жылы салынған. Әбден тозығы жеткен, қазіргі заман талаптарына сай келмейді. Бұл проблеманы өнерпаздар да көптен бері көтеріп келеді. Ескірген ғимарат небәрі 350 орындық, ал колледжде оқитындар саны, жастардың музыкалық білім алуға үлкен сұранысы жыл сайын артуда.
«Саутс-Ойл» компаниясы осы уақытқа дейін де Қызылорда қаласында 1,9 млрд. теңгеге «Нұрсәт» спорт кешенін, Аралдағы Қамыстыбас көлінің жағасына балалардың оқу-сауықтыру орталығын өз қаражаты есебінен салған.
Облыста ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысқан түлектердің 77,5 пайызы грант иегері атанды. Талапкерлердің басым бөлігі педагогикалық мамандықтарды таңдады. Сондай-ақ балаларды ыстық тамақпен қамту, олардың қауіпсіздігі мәселелеріне назар аударылған.
Биылғы жылдың қаңтар айынан бастап әлеуметтік жағдайына қарамастан 1-4 сыныпта оқитын 70 мыңнан астам бала, 5-11 сыныпта оқитын 16 мыңнан астам оқушы тегін ыстық тамақпен қамтылды. Көмекке мұқтаж 37087 балаға бір реттік қаржылай көмек көрсетілді. Балаларды қауіпсіз және жайлы тасымалмен қамтамасыз ету бағытында мектептерге қажетті 30 автобус жаңаланды.
Аймақта 7835 ерекше бала бар. Олардың арасында 2863-і алты жасқа дейінгі өрендер болса, 4972-і мектеп жасындағылар. Инклюзивті дамытудың жол картасы аясында мемлекеттік балабақшалар логопунктпен жабдықталып, арнайы мамандар бөлінді. Бұл мәселе толықтай шешілді. Мектептерде 170-ден астам инклюзивтік қолдау кабинеті, 8 мектепте инклюзивтік ресурстық орталық ашылған. Бұл орындарда барлығы 417 арнайы маман қызмет көрсетеді. Сондай-ақ, Қызылорда қаласынан педагогикалық медициналық психологиялық консультация ашылды.
Қазіргі уақытта арнаулы психологиялық-педагогикалық қолдауды қажет ететін мыңнан астам бала кезекте тұр. Аталған мәселені жергілікті бюджеттен арнайы жеке ұйымдарға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру арқылы шешілуде. Аймақтағы білім беру ұйымдары бейнебақылау жүйесімен толықтай қамтамасыз етілген. Қала және аудан орталықтарындағы білім беру ұйымдарының бейнебақылау жүйесі жедел басқару орталығы және полицияның кезекші бөліміне қосылған.
Облыстағы 170 мектепке дабыл түймесін орнатуға, 63 ұйымның (35 мектеп, 28 балабақша) бейнебақылау жүйесін талапқа сәйкестендіру үшін 552 млн теңге бөлінді. Облыста 2021-2025 жылдарда 236 мектепті жаңғыртудан өткізу жоспарланған. Биыл бұл мақсатта 47 мектепке 529,5 млн теңге бөлінсе, жаңа 63 модификациялық пәндік кабинеттер сатып алуға қаржы қаралды. Оның ішінде 17-і физика, 20-ы химия, 14-і биология, 6-ы роботехника бағытында болып отыр.
Мектептер оқулық және оқу-әдістемелік кешендермен толықтай қамтамасыз етілген. Осы мақсатта жергілікті бюджеттен 1.7 млрд теңге қаралған. Білім беру ұйымдарындағы көркем әдебиет қоры 184 мың данаға толықты.