Қызылорда облысында 40 млрд теңгелік жүгері өңдеу жобасының алғашқы кезеңі іске қосылды

АСТАНА. KAZINFORM- – Қызылорда облысының Сырдария ауданында «Қызылорда крахмал-сірне зауыты» инвестициялық жобасының алғашқы кезеңі – жүгеріні кептіру және сақтау кешені іске қосылды. Жалпы құны 40 млрд теңгені құрайтын жоба аясында бір мезгілде 20 мың тонна жүгері сақтауға мүмкіндік бар.

Фото: ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі баспасөз қызметіің хабарлауынша, жалпы аумағы 35 гектар жерді қамтитын жоба екі кезең бойынша жүзеге асырылады. Бірінші кезеңде жүгеріні кептіру және сақтау кешені пайдалануға берілді. Ал екінші кезеңде жүгеріні терең өңдеп, крахмал мен сірне өндіретін зауыт салу жоспарланып отыр.

Фото: ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі

Жобаны іске асыру өңірде ауыл шаруашылығы шикізатын сақтауға және өңдеуге арналған заманауи инфрақұрылым қалыптастыруға, жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің өнім өткізу мүмкіндіктерін кеңейтуге, сондай-ақ жүгері егістігінің көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар өңдеу қуаттарының артуы ауыл шаруашылығы өндірісін әртараптандыруға және қосылған құны жоғары өнімдердің үлесін көбейтуге жол ашады.

Биыл өңірде дәндік жүгері 11 мың гектар алқапқа егіліп, 60 мың тоннадан астам өнім жиналды. Аталған бағытты одан әрі дамыту және болашақ зауытты қажетті шикізатпен қамтамасыз ету мақсатында арнайы Жол картасы бекітілді. Құжатқа сәйкес, 2027 жылы жүгері егістігінің көлемін 28 мың гектарға дейін ұлғайту көзделіп отыр.

Фото: ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі

Жобаны жүзеге асыру барысында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен өңдеу кәсіпорындары арасындағы өндірістік кооперацияны дамытуға ерекше мән беріліп отыр.

Өнімді кептіру мен сақтауға арналған заманауи өндірістік нысандардың іске қосылуы және алдағы уақытта терең өңдеу зауытының салынуы ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттыруға, өнім өткізудің тұрақты арналарын қалыптастыруға және өңірде жүгері өсіру саласын дамытуға қосымша серпін береді.

Осыған дейін Қызылордада күріш алқабы 11 мың гектарға қысқарып, орнына дәндік жүгері егілгені туралы жаздық.

Фото: ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі