Президент тапсырмасының жүзеге асырылу барысын облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Ғалымжан Еркебай ауданға сапары кезінде көрді.
- 2021-2024 жылдар аралығында 659,1 мың гектар жерге фитоорман-мелиорация жұмысы жүргізілді. Биыл 440,9 мың гектар аумаққа сексеуіл көшеттері мен галофитті тұқымдар егіліп жатыр. Облыстық деңгейде 100 мың гектар жердің 15 мың гектарына 4,5 млн сексеуіл көшеті отырғызылады, - деді Ғалымжан Еркебай.
Бүгінгі күні орман шаруашылығы мекемелерінің уақытша тұқымбақтарынан 4,3 млн сексеуіл көшеті қазылып алынды. Басқарма басшысы бұл 8 мың гектар жерге сексеуіл егуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
Бұған дейін «Таза Қазақстан» бастамасы аясында мемлекеттік орман қоры аумағында жалпы 1 млрд 369 млн көшет отырғызылғанын жазғанбыз.