Қызылорда облысында алаяқтық жасаған ерлі-зайыптылар ұсталды, деп хабарлайды Kazinform.
Ерлі-зайыптылар биылғы шілде айында жәбірленушіден 8 млн теңге ақшаны алдап алған.
Олар жәбірленуші азаматшаға Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің өндірісіндегі қылмыстық іс бойынша жауаптылықтан босатып беремін деген уәде берген.
«Бұл бойынша Қылмыстық кодекстің 190-бабының 3-бөлігінің 1-тармағы, 28-бабының 4-бөлігі, 367-бабының 3-бөлігінің 1-тармағымен сотқа дейінгі тергеу басталды. Қызылорда қалалық мамандандырылған соты ерлі-зайыптыларды 2 ай мерзімге қамауға санкция берді. Тергеу жүріп жатыр», - деп мәлім етті департаменттен.
Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылордада бірнеше автокөлікті соққан жүргізуші қамауға алынған еді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.