Қызылорда облысында алып нәресте дүниеге келді
Қызылорда облысында алып нәресте дүниеге келді. Оның салмағы 5,6 келіні шамаласа, бойы 57 сантиметрді құрайды, деп хабарлайды Kazinform.
Қызылорда облыстық перинаталдық орталығында салмағы 5,6 келі, бойы - 57 сантиметрді құрайтын ұл бала жарық дүние есігін ашты.
Алып баланы жаңақорғандық 37 жастағы көпбалалы ана Айгүл Дүйсебаева жүктіліктің 42 аптасында өмірге алып келді. Бұл - отбасындағы сегізінші перзент, барлығы - ұл бала.
«Бөбек анасының сегізінші перзенті екен. Білікті дәрігерлер алып сәбиді кесарь тілігі отасы арқылы босандырып алды. Сәбиге ата-анасы Қанағат деген есім қойды. Қазір сәби де, анасы да өздерін жақсы сезінеді. Нәрестеге ерекше күтім жасалып, алдағы уақытта оның салмағын қадағалау қажет», - деді Қызылорда облыстық перинаталдық орталығы бас дәрігерінің емдеу жөніндегі орынбасары Гүлвира Сейтенбахова.
Мамандардың айтуынша, медицинада нәрестенің салмағы 4 келіден асса, ірі ал, 5 келіден жоғары болса алып болып саналады. Облыстық перинаталдық орталығында жыл басынан бері салмағы 4 келіден асатын 1 546 сәби дүниеге келген. Ал салмағы 5 келіден асатын 38 бала туды.
Еске салсақ, Қызылордада тымауратқандар арасында балалардың үлесі басым болып отыр.