Қызылорда облыстық перинаталдық орталығында салмағы 5,6 келі, бойы - 57 сантиметрді құрайтын ұл бала жарық дүние есігін ашты.
Алып баланы жаңақорғандық 37 жастағы көпбалалы ана Айгүл Дүйсебаева жүктіліктің 42 аптасында өмірге алып келді. Бұл - отбасындағы сегізінші перзент, барлығы - ұл бала.
«Бөбек анасының сегізінші перзенті екен. Білікті дәрігерлер алып сәбиді кесарь тілігі отасы арқылы босандырып алды. Сәбиге ата-анасы Қанағат деген есім қойды. Қазір сәби де, анасы да өздерін жақсы сезінеді. Нәрестеге ерекше күтім жасалып, алдағы уақытта оның салмағын қадағалау қажет», - деді Қызылорда облыстық перинаталдық орталығы бас дәрігерінің емдеу жөніндегі орынбасары Гүлвира Сейтенбахова.
Мамандардың айтуынша, медицинада нәрестенің салмағы 4 келіден асса, ірі ал, 5 келіден жоғары болса алып болып саналады. Облыстық перинаталдық орталығында жыл басынан бері салмағы 4 келіден асатын 1 546 сәби дүниеге келген. Ал салмағы 5 келіден асатын 38 бала туды.
Еске салсақ, Қызылордада тымауратқандар арасында балалардың үлесі басым болып отыр.