Қызылорда облысының жолдарында аптап ыстықта жүк көліктерінің қозғалысына уақытша шектеу енгізіледі

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM - Қызылорда облысы аумағында асфальт жол жабындысының бұзылуын болдырмау үшін республикалық жолдардың бірқатар бөлігіне уақытша шектеу енгізіледі.

Фото: «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Қызылорда облыстық филиалы

Қызылорда облысында асфальт жол жабындысының бұзылуының алдын алу үшін жалпы пайдаланылатын республикалық маңызы бар жолдардың бірқатар бөлігінде уақытша шектеу енгізіледі.

«Бұл шектеу «Самара-Шымкент» автожолының 1240-2055,5 шақырымына әрбір білікке түсетін жүктемесі 9 тоннадан артық, «Қызылорда-Павлодар-Успенка-РФ» автожолының 12-24 шақырымына әрбір білікке түсетін жүктемесі 8 тоннадан артық автокөлік құралдарының қозғалысына қатысты болып отыр. Аталған талап биылғы жылдың 1 маусым-31 тамыз аралығында сақталады. Ауа температурасы 25˚С градустан асқан жағдайда сағат 10.00-ден 22.00-ге дейін уақытша шектеу енгізіледі. Халықаралық жүк тасымалына, зардап шеккен адамдарға гуманитарлық көмек көрсететін, азық-түлік тасымалдайтын автомокөліктерге шектеулер қойылмайды. Сондай-ақ, мұндай жеңілдік төтенше жағдайларды жоюға және алдын алу жөніндегі іс-шараларын жүзеге асыратын көліктерге де жасалады», - деді «ҚАЖсервис» ЖШС Қызылорда облыстық филиалының бөлім басшысы Әлиакбар Мырзабай.