ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM - Қызылорда облысында 17 мәрте алаяқтық жасап, азаматтардың 35 млн теңгесін қалтаға басқан екі адам ұсталды.
Күдіктілер мемлекеттік бағдарлама бойынша несие алуға көмектесетіні жөнінде уәде берген. Осылайша жәбірленушілерге қаржылай зиян келтірген.
«Полицияға жәбірленушілердің бірі арызданған. Ол алаяқтар несие алуға көмек беремін деп одан 7 млн теңге көлемінде қаражат алғанын айтқан. Аталған дерек бойынша тергеу амалы жүргізіліп жатыр. Ұсталған күдіктілердің облыс аумағында жасалған осыған ұқсас алаяқтықтың 17 дерегіне қатысы бары анықталды. Жалпы келтірілген материалдық шығын - 35 млн теңге. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық Полиция департаментінен.
Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылорда облысында есірткі өсірген қылмыстық топтың 22 белсенді мүшесі қолға түсті.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.