Қызылорда облысында бақылаушы органдар кәсіпкерлерге заңсыз талаптар қойған

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда облысы Шиелі ауданының прокуратурасы кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласу фактісін анықтады.

Фото: accountingweb

Облыстық прокуратураның баспасөз қызметі хабарлағандай, аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының қызметкерлері заңнама талаптарын бұза отырып, екі кәсіпкерге қатысты мемлекеттік бақылау және қадағалау іс-шараларын жүргізген.

- Кәсіпкерлер кәсіпкерлік субъектілерінің тізіліміне енгізілген күннен бастап 3 жыл мерзім өтпегеніне қарамастан, оларға анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқамалар шығарылған. Прокурорлық қадағалау актісі негізінде заңсыз шығарылған екі ұсынымның күші жойылды. Жол берілген заңбұзушылықтар үшін мекеме басшысы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 173-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауаптылыққа тартылды, - делінген хабарламада.

Бұған дейін Байқоңыр қаласының прокуратурасы Қармақшы аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы тарапынан кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласу фактісін анықтады.