Қызылорда облысында баламалы энергия көздерін пайдалану дамып келеді

Фото: Фото: Қызылорда облысы әкімдігі

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM - Қызылорда облысында баламалы энергия көздерін пайдалануға баса назар аударылған. Бұл бағытта көптеген жаңашыл жобалар жүзеге асырылуда.

Сыр өңірінде жаңартылатын энергия көздерін пайдаланып, электр энергиясын өндіру жобаларына қызығушылық зор. Облыста баламалы энергия көздерін пайдалану мүмкіндігі мол.
Облыстың географиялық орналасуы мен климаттық жағдайына байланысты күн және жел энергиясын өндіруде зор әлеуетке ие. Сондықтан қоршаған ортаны қорғау және «жасыл экономика» бағытындағы перспективалық жобаларды қолдауға мән берілген.

Мамандардың зерттеуінше, өңірде жылына 300-ден астам ашық, бұлтсыз күн болады. Аймақ географиялық жағынан да желді белдеуде орналасқан. Облыстағы күн ұзақтығы жылына 3000 сағатқа дейін және күн энергиясын дамытудың энергетикалық әлеуеті жылына 32 000 млрд. кВт/сағ., ал жел энергиясы жылына 2 700 млрд. кВт/сағ. құрайды. Бизнес ахуал мен инвестициялық әлеуетті жақсарту - аймақтың басым бағытының бірі.

Облыс басшылығы тарапынан инвесторларға қолайлы жағдай жасалып, Үкімет тарапынан ауқымды инвестициялық преференциялар ұсынылған. Жаңа өндірістерді орналастыру үшін өңірде барлық қажетті инженерлік инфрақұрылымы жеткізілген арнайы 6 индустриялық аймақ жұмыс жасайды.

Сыр өңірінде жиынтық қуаты 89 мегаватт болатын 9 күн электр станциясы жұмыс істейді. Оның үшеуі ірі, шетелдік инвесторлардың қатысуымен салынған. Атап айтқанда, олардың қатарында Шиелі ауданында орналасқан қуаттылығы 50 мегаваттық қазақ-британ компаниясына тиесілі «Байконур-Солар» күн электр станциясы, Жалағаш ауданындағы франциялық «Total Eren» компаниясына тиесілі қуаттылығы 28 мегаваттық күн электр станциясы, Жаңақорған ауданындағы «Hevel» компаниясына тиесілі қуаттылығы 10 мегаватт электр станциясы бар. Сондай-ақ, Шиелі ауданында «Тесис» ЖШС күн электр станциясын салуды жоспарлауда. Қазір қажетті жер учаскесі бөлінген (80 га), жобаны 2025 жылы іске қоспақ.

Фото: Қызылорда облысы әкімдігі

Мамандардың айтуынша, күн электр станциясы – экологиялық тұрғыда таза, дыбыссыз, қауіпсіз әрі пайдалануға ыңғайлы, және өз құнын жүз пайыз ақтайтын тиімді қондырғы. Оның басты артықшылығы – алынатын энергия көзінің қалыпқа келе алатындығында және белгілі бір шектеулі ресурсқа тәуелді емес.

Баламалы энергия және жаңартылатын ресурстар саласындағы білікті мамандарға қажеттілік күннен күнге артуда. Әлемдік нарықта оларға деген сұраныс жыл сайын 15-20 пайызға жоғарылайды деп күтілуде.

Жел энергиясының басқа энергия көздерінен экологилық және экономикалық артықшылығы көп. Жел энергетикасы қондырғыларының технологиясын жетілдіру арқылы оның тиімділігін арттыруға болады. Жел энергиясын тұрақты пайдалану үшін жел энергетикасы қондырғыларын басқа энергия көздерімен кешенді түрде ұштастыру қажет. Республиканың шығыс, оңтүстік-шығыс, оңтүстік аймақтарында су электр станциялары мен жел электр станцияларын біріктіріп электр энергиясын өндіру өте тиімді. Қыс айларында жел күші көбейсе, жаз айларында азаяды, ал су керісінше, қыс айларында азайса, жаз айларында көбейеді. Сөйтіп, энергия өндіруді біршама тұрақтандыруға болады.

Айта кетейік, «China National Nuclear Corporation (CNNC)» және «China National Nuclear Power (CNNP)» платформасы таза энергетикалық жобаларды дамытуға, құрылысын салуға және пайдалануға маманданған. Компания қызметінің негізгі бағыттарына жел, күн, сутегі энергиясы, геотермалдық энергия, жинақтау энергетикасы, зарядтау станциялары және т.б. кіреді.

Сондай-ақ, қазір Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің №5 оқу ғимаратының жанында қуаты 18 кВт күн-жел электр станциясы іске қосылып, оқу ғимараты мұқтаждығының бір бөлігін өтеуде. Сонымен қатар, бұл станция білім алушылар мен жас ғалымдардың ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуіне мүмкіндік беруде.