ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда облысы полиция департаменті жедел басқару орталығының бейнебақылау камераларының көмегімен жыл басынан бері 126 қылмыс ашылды. 102 мобильді қосымшасына 25 хабарлама келіп түсіп, олардың барлығына тиісті қызмет көрсетілді.
«Бейнебақылаушылар азаматтардан түскен хабарламаларды қабылдау және өңдеу барысында аймақтағы ахуалды қадағалап, құқыққа қарсы әрекеттерді анықтау және алдын алу бағытында қызмет атқарды. Биыл бейнебақылау камераларымен 44 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде 36 мыңнан астам жол қозғалысы ережесін бұзу дерегі анықталды. «Мүлдем төзбеушілік» қағидасын қалыптастыру мақсатында бейнебақылаушы инспекторлар 3 мыңнан астам ұсақ бұзақылық дерегін, қоғамдық орындарға масаң күйде келудің 2 мыңнан астам дерегін, қоғамдық орындарда тиісудің 300 фактісін тіркеді», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінен.
Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылорда облысында «Қарасора-2024» кең ауқымды жедел алдын алу іс-шарасы барысында 207 есірткі құқық бұзушылығы анықталды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.