Қызылорда облысында биыл Руханият жылы атап өтілмек

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Сыр өңірінің мәдениет және өнер саласындағы жағымды жаңалықтар биыл да жалғасады. Бұл туралы облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев облыстық мәслихат сессиясында айтты.

Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Өткен аптадағы кеңейтілген мәжілісте Мемлекет басшысының «Адал адам» концепциясы аясында барлық елді мекендегі клубтар мен мәдениет үйлерінде «Адал адам» рухани-мәдени орталықтары ашылатыны айтылды. Бұл орталықтарда отаншылдық, нағыз маман болу, еңбекқорлық сияқты асыл қасиеттер дәріптеледі.

«Былтыр Қызылорда қаласында «Анаға тағзым» орталығы, «Отбасы орталығы» өз қызметін бастады. «Шірік-Рабат Сақ жауынгері» мен «Сығанақ ханшайымының» мүсіндері облыстық музейге тапсырылды. Халқымыздың жыл басы және жаңару айы – Наурыздан бастап Сыр өңірінде биылғы жылды «Руханият жылы» деп жариялаймыз», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Былтыр өнер және әдебиет өкілдеріне «Тұран» арнайы сыйлығы табысталды. Желтоқсан айында елордада Қызылорда облысының мәдениет және өнер күндері жоғары деңгейде өткізілді.

Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Алдағы сәуір айында өнер күндері Алматы қаласында ұйымдастырылмақ.

Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Жақында 1000 орындық «Өнер орталығы» қызметін бастайды. Барлық ауданда неке қию залы, кітапхана, музей, архив, жастар, ардагерлер мен аналар үйі орналасатын «Руханият» орталықтары салынады.

Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі