Қызылорда облысында бір күнде 5 әкім сайланады

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Осы жексенбі, яғни 21 маусым күні Қызылорда облысында 1 қала, 1 кент, 3 ауыл әкімінің сайлауы өтеді. Бұл туралы облыстық сайлау комиссиясы мәлімдеді.

Фото: Қызылорда облыстық сайлау комиссиясы

Атап айтқанда, Арал ауданының Арал қаласы, Жалағаш ауданының Ақсу және Жаңаталап ауылдық округтері, Шиелі ауданының Шиелі кенті және Жиделіарық ауылдық округінің әкімдері сайланады.

- Арал қаласында 22989, Ақсу ауылдық округінде 1028, Жаңаталапта 424, Шиелі кентінде 22669, Жиделіарық ауылдық округінде 560 сайлаушы дауыс беру құқығына ие. Саяси науқанда барлығы 33 учаске жұмыс жасап, 230 комиссия мүшесі сайлаушыларға қызмет көрсетеді. Жексенбіде өтетін 5 округтегі сайлауда 16 кандидат бюллетеньге енгізіледі. Олардың барлығы да өзін-өзі ұсынған. 16 кандидаттың 59-ының сенім білдірілген адамы аумақтық сайлау комиссияларынан тиісті куәлік алды, - делінген хабарламада.

Учаскеге келе алмайтын сайлаушылар 21 маусым күні сағат 12.00-ге дейін өтініш беру арқылы үйден дауыс беруге мүмкіндік алады.

20 маусым – тыныштық күні. Дауыс беру таңғы 07.00-ден 20.00-ге дейін жалғасады.

Еске салайық, Қызылорда облысында биыл алғашқы әкім сайлауы 8 ақпан күні Сырдария ауданының Тереңөзек кентінде өткен болатын.