Қызылорда облысында екі департаментке басшы тағайындалды

Фото: Kazinform

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM - Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы тағайындалды. 

Бұл қызметке Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің келісімімен Жұмағұлов Бектемір Ұлыбекұлын таныстырды. 

Б. Жұмағұлов 1983 жылы Арал ауданында дүниеге келген. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша бітірген. ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы «Өңірлік даму» білім беру бағдарламасының «Бизнес және басқару» магистрі.

Еңбек жолын 2003 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті «Арнайы құқықтық пәндер» кафедрасының лаборанты болып бастаған. 2007-2018 жылдары Арал аудандық жер қатынастары, кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімдерінің басшысы, аудан әкімі аппаратында түрлі жауапты қызметтер атқарған. 2018 жылдан осы кезге дейін Арал ауданы әкімінің орынбасары болған.

Сондай-ақ мемлекеттік қызмет істері агенттігінің келісімімен Қызылорда облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясының басшысы болып тағайындалған Талекенов Ербол Сәтбайұлы таныстырылды.

Ербол Сәтбайұлы 1983 жылы Арал ауданында дүниеге келген. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетін «Бухгалтерлік есеп және аудит», М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясын «Көлікті пайдалану және жүк қозғалысы мен тасымалдау» мамандықтары бойынша бітірген.

Еңбек жолын 2004 жылы «Глобал Транс Сервис Еуразия» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде менеджер-логист болып бастаған. 2006-2007 жылдары Астана қаласы Сарыарқа ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының жетекші маманы, 2007-2017 жылдары Көлік және коммуникациялар министрлігінің Көлік комитетінде маман, бас сарапшы, Солтүстік Қазақстан облысы, Астана қаласы бойынша көліктік бақылау инспекцияларында бас маман, бөлім басшысы, Инвестициялар және даму министрлігінде басқарма басшысы болған. 2017-2020 жылдары «Жолаушылар тасымалы», «Теміржолсу» акционерлік қоғамдарында президент кеңесшісі, «Теміржолсу-Ақтөбе» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас инженері, 2020-2023 жылдары Арал ауданы әкімінің орынбасары, Арал қаласының әкімі қызметтерін атқарған.

2023 жылдың қазан айынан осы кезге дейін «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы логистика және тасымалдау департаментінің директоры қызметін атқарып келді.