ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM - Қызылорда облысында өртенген электр жабдықтары тиелген жүк көлігі толық сөндірілді.
25 мамырда Байқоңыр қаласы №8 өрт сөндіру бөлімінің байланыс бекетіне Қазалы ауданының Байқожа ауылының тұсында «Самара-Шымкент» тас жолының бойында фура жүк автокөлігі жануда деген хабарлама келіп түскен.
«Барлау жұмыстарын жүргізу барысында «Volvo» жүк автокөлігіне тиелген жүктің салмағы 9 тонна болатын электр жабдықтары (розетка, включатель, переноска) жанғаны анықталды. Өрт толық сөндірілді. Оған №8 өрт сөндіру бөлімінен 1 техникасымен 6 қызметкер жұмылдырылды», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық төтенше жағдайлар департаментінен.
Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылордада кафеде болған өртте құтқарушылар 14 адамды эвакуациялады.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.