Қызылорда облысында есірткі жарнамалаған 115 сайт бұғатталды
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Аймақта «Кибернадзор» жүйесі арқылы синтетикалық есірткіні жарнамалаған 115 сайт бұғатталды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Өңірде қоғам саулығына тікелей қауіп төндіретін есірткіге қарсы күрес жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының бастығы Біржан Багисовтың айтуынша, құқық қорғау органдары бұл бағытта кешенді әрі нақты шараларды қолға алған.
— Облыс орталығында полиция қызметкерлері күнделікті көпқабатты үйлердің аулалары, гараждар мен құрылыс нысандарын тексеріп, жедел басқару орталығының бейнекамералары арқылы тұрақты бақылау жүргізіп жатыр. Нәтижесінде есірткі жарнамасы бар 20 граффити жойылып, заңсыз жазулардың саны азайды. Сонымен қатар «Кибернадзор» жүйесі арқылы синтетикалық есірткіні жарнамалаған 115 сайт бұғатталды. Қазіргі уақытта іздеудегі қылмыскерлерді анықтау бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр, — деді Біржан Бабырұлы.
Оның айтуынша, қазіргі таңда ұйымдасқан қылмыстық топтардың әрекеттерін анықтау және қылмыстық жолмен алынған қаражаттарды заңдастыру деректерін әшкерелеу бағытында кешенді жедел-іздестіру шаралары жүргізіледі.
Бұған дейін Қостанайда есірткіні жарнамалайтын 100-ден астам граффити жойылғаны туралы жаздық.
Сондай-ақ Павлодарда салмағы 308 келіден асатын кептірілген марихуана тәркіленді.