Қызылорда облысында инвесторлар қызметіне заңсыз араласу тыйылмай тұр

Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда облыстық прокуратурасы инвесторлар мен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бағытында жүйелі жұмыс атқарып келеді. 

Биыл инвесторлардың қызметіне заңсыз араласудың 25 дерегін анықтап, барлығына тосқауыл қойды. 

— Өткен жылы 600-ге жуық бизнес субъектісінің қызметіне заңсыз тексеру жүргізуге жол берген жоқпыз. Сондай-ақ 4 адам кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласқаны және тексеру тәртібін бұзғаны үшін әкімшілік жауаптылыққа тартылды, — деді облыс прокуроры Ризабек Ожаров.

Облыс прокурорларына инвесторлардың құқықтарын қорғау миссиясы сеніп тапсырылғаны белгілі. Олардың өтініштерін қарау және туындаған мәселелерге жедел ден қою мақсатында арнайы топ құрылды. 

— Соңғы үш жылда біз тиімділігін дәлелдеген модель қалыптастырдық. Жүйелі әрі нәтижелі жұмыс үшін нақты құралдар қолданылды. Әкімшілік қысымды тежеудің алғашқы осындай тетігі — «прокурорлық сүзгі». Оның қағидаты бойынша прокурордың келісімінсіз инвесторға қатысты бірде-бір тексеру, айыппұл немесе талап-арыздың заңды күші жоқ. Қазір біз әрбір жобаны онлайн-режимде бақылайыз, шағымды күтпей әрбір тәуекелді алдын ала көреміз, — деді облыс прокуроры.

Бұл прокурорға кедергілер енді ғана қалыптаса бастағанда әрекет етуге мүмкіндік береді.
Бұған дейін прокурорлар «Aksa Energy Qyzylorda» ЖШС қолға алған инвестжобаның алдында кездескен мәселеге араласты.