Қызылорда облысының Қазалы ауданында жаңа әкім сайланды
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда облысы Қазалы ауданы әкімінің сайлауы өтті. Сайлаушылар тізіміне 47 219 азамат енгізілді. Бұл туралы Қазалы ауданының аумақтық сайлау комиссиясы мәлім етті.
Дауыс беруге – 32 337 сайлаушы, оның ішінде есептен шығару куәліктері бойынша - 0, дауыс беруге арналған үй-жайлардан тыс – 917 қатысты. Кандидаттардың жалпы саны – 5.
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 14-бабының 9) тармақшасына, 44-бабының 2-тармағына, 45-бабына, 113-10-бабына сәйкес және учаскелік сайлау комиссияларының Қызылорда облысы Қазалы ауданының әкімін сайлау нәтижелері туралы хаттамаларының негізінде, Қазалы ауданының аумақтық сайлау комиссиясы сайлау қорытындыларын белгіледі:
Аумақтық сайлау комиссиясының мәліметінше, кандидат Есмаханов Алмасбек Әбілқасымұлы 21096 дауыс жинаса, Жаңабаев Ғабит Жұмабекұлы 3240 дауыс иеленген. Ал Казбекова Мира Жомартқызына сайлаушылар 2984 дауысы берсе, Қойшыбаев Шахмардан Сұлтанбекұлы 2605 дауыс жинаған. 1994 сайлаушы Ізмағамбетов Бауыржан Нұрланұлының кандидатурасын таңдайтынын білдірген.
Сайлау қорытындысымен Қазалы ауданының әкімі болып Есмаханов Алмасбек Әбілқасымұлы сайланды. 1982 жылы дүниеге келген, ұлты қазақ, Қызылорда облысы, Қызылорда қаласында тұрады.
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңының 14, 45, 113-11 баптарына сәйкес Қазалы ауданының аумақтық сайлау комиссиясының 2025 жылғы 29 қыркүйектегі шешімімен 2025 жылғы 28 қыркүйекте сайланған Есмаханов Алмасбек Әбілқасымұлы Қызылорда облысы Қазалы ауданының әкімі болып тіркелді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Алматы облысының Райымбек ауданында жаңа әкім сайланғанын жазған едік.