Қызылорда облысында кенеге қарсы күреске 243,6 млн теңге бөлінді
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда облысында кене энцефалиті бойынша 111 қолайсыз елді мекен бар. Оларды залалсыздандыруға биыл жергілікті бюджеттен 243,6 млн теңге бөлінді.
Облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының мәліметінше, бұл қаржыға 622 мыңнан астам мал, 35 мыңнан астам қора мен суат-шаңлақты көктем және күзде залалсыздандыру жоспарланған.
— Көктемгі дәрілеу жұмысы 9 сәуір мен 14 маусым аралығында жүргізілді. Ұлттық сараптама орталығының тексерісі нәтижесінде оның тиімділік көрсеткіші 98 болды. Ал күзгі залалсыздандыру жұмысы 1 тамызда басталады, — деді басқарма басшысы Марат Құрманбаев.
2025 жылдың алғашқы жартысында Конго-қырым геморрагиялық қызбасын жұқтыруы мүмкін деген белгімен 8 адам ауруханаға жатқызылған. Зертханалық сынама қорытындысында 4 науқаста диагноз расталды. Оның 1-і көз жұмды.
Еске салсақ, Қызылорда қаласында 8 елді мекен қолайсыз деп танылды. Өткен жылы олардың саны 12 болатын.