ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM - Қызылорда облысында бүгін кент және ауылдық округте әкім сайлауы өтіп жатыр.
Бүгін Қазалы ауданының орталығы - Әйтеке би кенті мен Жаңақорған ауданының Сунақата ауылдық округінде әкімі сайлауы өткізілуде.
Сайлау процесі 14 учаскеде ұйымдастырылып отыр. Дауыс беру таңғы сағат 7.00-ден басталды, ол 20.00-ге дейін жалғасады.
«Кент және ауылдық округ бойынша 30 мыңға жуық сайлаушы дауыс беру құқығына ие. Әйтеке би кентінің әкімі болуға 2 кандидат, Сунақата ауылдық округі болуға 3 кандидат сайлау бюллетеніне енді. Олардың басым бөлігі өзін-өзі ұсыну жолымен бақ сынап көруде. Аймақта сайлауға отбасымен келу үрдісі кеңінен қанат жайып келеді. Сондай-ақ, бір көшенің тұрғындары саналатын көршілер, ұжым қызметкерлері бір мезетте келіп дауыс беруге атсалысуда», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық сайлау комиссиясынан.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.