ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM - Қызылорда облысында жаңбыр жауып, артынан көктайғаққа ұласты. Салдарынан көлік қозғалысына шектеу енгізілді.
Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, сағат 19:00-ден бастап «Самара-Шымкент» тас жолының Төретам мен Бәйгеқұм елді мекендеріне дейінгі аралықта барлық көлік түрінің қозғалысына уақытша шектеу қойылған.
- Қазір полиция қызметкерлері жол бойында арнайы бақылау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Көлік жүргізушілеріне жолға шықпауын сұраймыз, - деп мәлім етті облыстық Полиция департаментінен.
Қызылорда қаласы әкімдігі облыс орталығында көктайғаққа байланысты коммуналдық мекемелер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Оған арнайы техникалар жұмылдырылған. Қардан тазалау және көктайғақтың алдын алу үшін жолдарға тұз аралас құм қоспасы себіліп жатыр.
Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылордада полицейлер есірткі притонын жойды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.