ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM - Қызылорда облысында қойшы ауылда 20 жастағы әйелдің дене жарақатымен мәйіті табылды. Полицейлер оған күдікті ретінде танылған 25 жастағы күйеуін ұстады.
Әлеуметтік желіде 21 шілдеде Шиелі ауданына қарасты Майлытоғай елді мекеніндегі қойшы ауылда 20 жастағы әйелдің мәйіті табылғаны жөнінде хабарланды. Оның денесінен түрлі жарақат анықталған.
Бұл оқиғаға қатысты облыстық полиция департаменті түсініктеме берді.
«Бұл іс бойынша тиісті сараптамалар тағайындалып, тергеп-тексеру жүргізілуде. Күдікті ізін суытпай ұсталды. Қазір уақытша ұстау изоляторына қамалды, тергеу жалғасуда. Өзге мәліметтер тергеу құпиясын сақтау мақсатында жариялануға жатпайды», - деп мәлім етті департаменттен.
Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылордада алаяқтық жасаған адвокат пен оның әйелі сотталды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.