Қызылорда облысында құрылысы ұзап кеткен жол бойынша тексеру жүріп жатыр
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM - Қызылорда облысында екі бюджет қаражатын жымқырудың тәуекелі белгілі болды. Бұл деректерді ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің мамандары анықтады.
Әлеуметтік желіде тұрғындардың 2020 жылдың қазан айында қайта жаңарту басталған Қазалы ауданы аумағындағы «Қазалы-Әйтеке би» аудандық маңызы бар автомобиль жолының аяқталуы ұзап кеткеніне наразы екені анықталды.
«Келісім-шарттың құны – 2,69 млрд теңгені құрайды, оның 71% игерілген. Дегенмен талдау нәтижесінің арқасында талдау әзірлемелер тобы жалпы сомасы 456,4 млн теңгеге жалған шот-фактура жазу арқылы бюджет қаражатын ұрлау тәуекелін белгіледі. Департамент мұнымен әрі қарай анықтау жұмыстарын жасайды», - деп атап өтті департамент басшысы Аслан Кеңес.
Ведомство мәліметінше, департамент осыған ұқсас тағы бір жағдайды анықтады.
«Арал ауданына қарасты Тоқабай, Абай елді мекендерін сумен жабдықтау және Арал-Тоқабай топтық су құбырының Арал-Тоқабай-Абай қосылу тармағының құрылысы (бастапқы жобаның құны – 3.22 млрд теңге), Қазалы ауданының Байқожа топтық су құбырын сумен жабдықтау жүйесін қайта жаңарту жұмыстарына (жобаның құны-2.2 млрд теңге) талдау жүргізді. Нәтижесінде екі нысан бойынша 655,6 млн теңгеге бюджет қаражатын жымқыру тәуекелі анықталды», - деп толықтырды сөзін департамент басшысы.
Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылордада шаруаларға оңды-солды берілген 90 млн теңге субсидия қайтарылды.